Берік Уәли: спорт кешені тұрғындарға қолжетімді болуы керек
Абай облысының әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданына жұмыс сапары барысында білім беру және спорт нысандарында болды.
Ауданда 31 мектеп бар. Онда 5 мыңға жуық бала білім алуда. Аудан орталығы - Бородулиха ауылындағы Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ мектебінде 354 оқушы оқиды. Оның 200-ге жуығы өзге ауылдардан автобуспен қатынайды.
Білім ордасы былтыр «Қазақстан халқына» қорынан бөлінген 250 милллион теңгеге толық жабдықталған. Барлық кабинеттер жаңартылған.
Мектеп директоры облыс әкіміне басқа ауылдардан қатынап оқитын оқушылардың ескі автобуспен келіп жүргенін айтып, көмек көрсетуді сұрады.
Аймақ басшысы мектептің кабинеттерін толық аралап, мұғалімдермен пікірлесті. Білім ордасындағы жаңарту жұмысын жоғары бағалап, шет жақтағы ауылдардан қатынап оқитын балалардың автобус мәселесін өз бақылауына алып, шешу жолдарын қарастыратынын айтты.
Облыс әкімі Бородулиха ауылында былтыр ашылған спорттық-сауықтыру кешенін де көрді.
Он мың шаршы метрге жуық аумақты алып жатқан нысанда 576 бала спортпен шұғылданады. Кешенде жүзу бассейні бар. Мұндағы балалар мен ересектерге арналған түрлі спорт секцияларында 54 қызметкер жұмыс істейді.
Аймақ басшысы спорт кешенінің аудан халқы үшін маңызын атап өтіп, балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуға тарту қажеттігін айтты.