Мәжіліс Қытаймен парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Қытай коммунистік партиясы Орталық комитеті Халықаралық бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчаомен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жайы мен келешегін талқылады.
Ерлан Қошанов Қазақстан мен Қытай қатынасы жаңа «алтын 30 жылдықта» мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік рухында нығайып келе жатқанын атап өтті.
– Бұл үздіксіз дамудың басты қозғаушы күші ретінде көшбасшыларымыздың жеке достық байланыстары мен ерен еңбегін айтуға болады. Әсіресе, соңғы жылдар қазақ-қытай қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруде маңызды кезеңге айналды. Мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің салып берген жолымен парламентаралық байланыстарымызды одан әрі дамытамыз деп сенемін, – деді Мәжіліс төрағасы.
Палата спикері мәртебелі мейманға елдегі жүргізіліп жатқан саяси-экономикалық реформалар туралы мәлімет беріп, парламентаралық ынтымақтастыққа жеке тоқталды.
Бұл орайда екі ел Парламенттерінің ықпалдастығын нығайтуда былтырғы Мәжіліс делегациясының Қытайға сапары тың қарқын берді. Ерлан Қошанов бастаған делегация Бейжің, Үрімші қалаларында болып, елдің басшылығымен және Парламенттегі әріптестерімен жемісті келіссөздер жүргізген болатын.
– Екіжақты әріптестікті дамытуда заң шығарушы органдардың маңызы мен рөлі ерекше. Жалпы, екі ел парламенттерінің тәжірибе алмасатын, үйренетін тұстары аз емес. Біз парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қытай тарапынан да дәл осындай ықылас бар екенін білеміз. Осы тұрғыда әріптестерімізбен заң шығару саласында түрлі бағыттар бойынша тәжірибе алмасып келеміз, – деді Ерлан Қошанов.
Екі ел арасындағы партияаралық әріптестіктің де келешегі зор. Әңгімелесу барысында тараптар «AMANAT» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін де талқылады.
Өз кезегінде Лю Цзяньчао елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестіктің одан әрі қарқынды дами беретініне сенім білдірді.
– Қытай Коммунистік партиясы мен «AMANAT» партиясын байланыстыратын ортақ мақсаттар көп. Ол – ең әуелі біздің мемлекеттеріміздің дамуы жолындағы жауапкершілік. Біз бірлесіп, көшбасшыларымыздың стратегиялық бағдарын ұстанып, елдеріміздің одан әрі дамуына күш салуға тиіспіз. Мемлекет басшыларының сенім мен сыйластыққа негізделген берік достығы халықтарымыз үшін өте құнды. Ендігі кезекте олардың уағдаластықтарын іске асыру – біздің партияларымыздың ортақ міндеті, – деді Лю Цзяньчао.