Еліміздегі су тасқынына қарсы іс-шараларға Қарулы күштердің 2000-нан астам әскери қызметшісі жұмылдырылған

Еліміздің түрлі аймақтарында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғастырылуда. Отан қорғаушылар Ақмола, Абай, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарының жергілікті қызметтері мен халқына жан-жақты көмек көрсету үстінде.
Бұл аймақтардың жергілікті аумақтық қорғаныс бригадаларының жауынгерлері су тасқынына қарсы іс-шараларға қосылды. Бригадалар мен әскери бөлімдердің жеке құрамы өзен жағалауларын нығайтумен, қаптарға топырақ салып, оларды төсеумен айналысуда.
Абай облысында әскери қызметшілер Аягөз ауданының Мамырсу ауылына көмек көрсетуде. Аягөз өзенінің жағасына топырақ тасымалдау үшін 10 КамАЗ көлігі мен жүк тиегіш бөлінді.
Ақмола облысының Атбасар және Ақкөл қалаларында әскери қызметшілер қап дайындаумен айналысуда.
Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы Заречный және Тепличный елді мекендерінде еріген қар суына тосқауыл қоймақ. Петропавл қаласының маңындағы Бескөл кентіндегі жағалауды нығайту үшін 44813 әскери бөлімінің әскери қызметшілері құм салынған қаптар дайындап жатыр.
Қостанай облысында жергілікті бригаданың жауынгерлері Новоселовка ауылында жұмыс жүргізіп, Обаған өзенінің жағалауын нығайтумен айналысуда.
Аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе кентіндегі су тасқынына қарсы іс-шараларға тартылды.
Ал Атырау қаласында әскери бөлімдердің әскери қызметшілері жақын маңдағы Тұрғызба, Шоқпартоғай, Бақашы және Құлсары елді мекендерінде жұмыс жүргізуде. Шоқпартоғай және Бақашы ауылдарының маңындағы іс-шаралар екі ауысымда ұйымдастырылуда.
Ақтөбе облысына Қонаев гарнизоны инженерлік-саперлік бригадасының әскери қызметшілері көмекке келді. Олар өздерімен бірге понтондық көпір паркінің элементтерін, оның ішінде понтондық көпір сегменттері бар екі ірі тоннажды жер үсті көлігі (КрАЗ-255б), қалқымалы тасымалдаушы, сондай-ақ Камаз және КрАЗ көліктерінің базасындағы екі сүйреткіш моторлы қайық ала келген. Әскери инженерлер кез келген уақытта Ойыл өзеніне уақытша өткел орналастыруға дайын.
Су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 2300-ге жуық әскери қызметші мен 770-тен аса техника тартылған.