Cемей8°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
504.44 545.65 5.95

Жеңіл өнеркәсіп саласында 1400-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді

28-03-2025, 17:04 Думан Кенжеғазыұлы

Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жеңіл өнеркәсіп саласының ағымдағы жағдайы туралы жан-жақты айтып берді. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі ел экономикасының маңызды бір бөлігі болып табылады. Бұл сала тек экономикалық өсуге ғана емес, сондай-ақ жұмыс орындарын құруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға да ықпал етеді.

Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің нарығы 2024 жылы 4,3 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде отандық өндірушілердің үлесі шамамен 6% болды. Жалпы ішкі өнімдегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 0,09%, өнеркәсіптік өндірісте – 0,4%, ал өңдеу өнеркәсібінде – 0,9% құрайды. Бұл сала 28 мың адамды жұмыспен қамтып отыр, оның 60%-ын әйелдер құрайды, бұл мемлекет үшін әлеуметтік маңызды көрсеткіш.

Жеңіл өнеркәсіптің өндірістік көлемі 2024 жылы 211,6 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 86,8% болды. Соңғы 3 жылда жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 2,5 есе артты. Бұл саланың негізгі капиталына 12,4 млрд теңге көлемінде инвестициялар тартылды.

Жеңіл өнеркәсіп саласы үш негізгі топтан тұрады: тоқыма өнеркәсібі – 57% (мақта-маталар, жүн және аралас маталар, синтетикалық және табиғи талшықтар), киім өндірісі – 34% (арнайы және жұмыс киімдері, күнделікті және сәндік киімдер, әскери және спорттық киімдер), былғары өнімдер өндірісі – 9% (аяқ киімдер, былғары және тері бұйымдары, былғары сөмкелер мен белдіктер).

2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 1 411 кәсіпорын жұмыс істеп, оның 803-і тігін, 481-і тоқыма, 122-сі былғары өнімдерін өндіреді. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақсатында өнеркәсіптік саясаттың басты мақсаты – ішкі өңдеуді ұлғайта отырып, шикізаттық модельден бас тарту. Осы мақсатқа жету үшін инвестициялар тартылып, жаңа жобалар іске асырылып, жүйелі шаралар қолға алынып жатыр.

2024 жылы бірнеше маңызды жобалар іске қосылды, оның ішінде: Батыс Қазақстан облысында биг-бэгтер өндірісі, Атырау облысында геотекстиль кластері. 2025 жыл соңына дейін тағы 9 ірі инвестициялық жоба іске асырылмақ, оның ішінде: Ақтөбе облысында жүнді терең өңдеу жобасы, Түркістан облысында тоқыма бұйымдарын өндіретін мақта кешені.

Саланы қолдау мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жеңіл өнеркәсіп жобаларына жылдық мөлшерлемесі 3%-дан аспайтын жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылады. Бұл механизм төмен пайыздық мөлшерлемелермен, ұзақ мерзімді және икемді шарттармен қаржыландыру мүмкіндігін береді. Бұл отандық өндірісті қолдауға, импортты алмастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі.

Жергілікті өндірісті қолдау және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін реттелетін сатып алулар тетігі іске асырылуда. Бұл жүйе отандық өндірушілерге тұрақты тапсырыстар алу мүмкіндігін беріп, ішкі нарықта отандық өнімдердің үлесін арттырады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив