Cемей8°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
504.44 545.65 5.95

Қазақстан мен Еуроодақ екіжақты және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуда

28-03-2025, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында тараптар қазақ-еуропалық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен келешегін егжей-тегжейлі талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сұхбаттастар Самарқандта өтетін «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саммитінің маңызын атап өтіп, өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын құптады.

Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді, сондай-ақ көлік және логистика, маңызды шикізат, жасыл энергетика, цифрландыру, климаттың өзгеруі және тағы басқа салалардағы бірлескен жобаларды одан әрі тиімді жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.

Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту тұрғысынан М.Нұртілеу Таяу Шығыс пен Африка нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін практикалық шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.

ҚР СІМ басшысы ЕО Жоғары өкілінің назарын Қазақстан азаматтары үшін Еуроодақ визалық режимді жеңілдету туралы келісімге қатысты Астана мен Брюссель арасындағы келіссөздерді жылдам бастаудың екі тарап үшін маңызды екеніне аударды.

Өз тарапынан К.Каллас ЕО-ның Қазақстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты тереңдетуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бейілді екеніне сендірді. Ол Ашхабадта өткен «Орталық Азия – Еуропалық одақ» министрлік кездесуінің нәтижелері еуропалық тараппен жоғары бағаланып, бұл үдерісті ілгерілетуге ықпал ететінін атап өтті.

Кездесу соңында сұхбаттастар сындарлы диалогты жалғастыруға екіжақты қызығушылық танытты.

Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. 2024 жылғы тауар айналымы 49,7 млрд АҚШ долларын құрады (+16,9%), оның ішінде Қазақстанның ЕО-ға экспорты – 38,6 млрд доллар, импорты – 11,1 млрд доллар. 2005 жылдан 2024 жылғы 9 айға дейінгі кезеңде ЕО елдерінен Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 200,7 млрд долларды құрады. Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңнан астам компания жұмыс істейді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив