Абай облысының әкімі Берік Уәли жазушы Тұрсын Жұртбаймен кездесті
Аймақ басшысы Берік Уәли бүгін жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбаймен кездесті.
Тұрсын Құдакелдіұлы кездесуде аймақ басшысына өңірдің тарихы мен мәдениетіне, әдебиеті мен руханиятына қатысты ойларын айтты. Ұлы Абайдың 180 жылдығын республикалық деңгейде атап өтуге, Алаш мұрасын түгендеуге, облыстағы тарихи ғимараттарды сақтауға, жаңғыртуға қатысты пікірлерін ортаға салды.
Семейдегі Абай Құнанбайұлы кітап оқыған бұрынғы Гоголь кітапханасының ескі ғимаратын мемлекеттің қарамағына алу, Алаш қайраткерлері Халел Ғаббасов, Биахмет Сәрсенов, Ике Әділұлының, даңқты диктор Әнуарбек Байжанбаевтың есімдерін ұлықтау жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Облыс әкімі кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы назарға алынып, жұмыс жоспарына енгізілетінін атап өтті.