Cемей3°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
503.15 543.3 5.93

Берік Уәли Ақсуат ауданындағы мектептердің жәй-күйімен танысты

31-03-2025, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысының әкімі Берік Уәли аудандағы жұмыс сапары барысында Екпін және Ойшілік ауылдарындағы мектептердің жәй-күйімен танысты.

Ауданда 19 мектеп бар. Екпін ауылындағы Ысқақ Кабеков атындағы білім ордасы 1991 жылы салынған. Қазіргі таңда 330 оқушы білім алуда. Мектептің спорт залы күрделі жөндеуді қажет етеді. 2021 жылы апатты деп танылып, содан бері жабық тұр. Мектептің кейбір бөлігінің сыртқы қабырғалары жарыла бастаған.

Қазіргі уақытта ауылға жаңа мектеп салу үшін жеке кәсіпкерлер есебінен жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Мектеп директоры облыс әкіміне ауылда жаңа мектеп салуға көмек көрсетуді сұрады. Аймақ басшысы өңірде апатты жағдайда тұрған бірнеше мектеп бар екенін атап өтіп, бұл білім ордаларына бірінші кезекте көңіл бөлінетінін айтты.

«Қала мен ауыл мектептері арасында алшақтық болмауы керек. Өңірдегі мектептер оқушыларға заман талабына сай сапалы білім мен тәрбие беруі қажет. Екпін ауылындағы мектептің жағдайын бұрыннан білемін. Жаңа мектеп салу мәселесін қарастырамыз»,- деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Ойшілік ауылындағы Тоғас батыр орта мектебінде де болды. 1970 жылы салынған ғимаратта 326 бала оқиды. 78 мұғалім еңбек етеді. Білім ордасына 2022 жылы күрделі жөндеу жүргізілген.

Облыс әкімі мектептің кабинеттерін, кітапхананы аралап, мұғалімдермен, оқушылармен пікірлесті.

Аймақ басшысы ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, ақсақалдармен, ардагерлер кеңесінің мүшелерімен, ардагер ұстаздармен, елді мекеннің белсенді азаматтарымен кездесіп, өзекті мәселелерін тыңдады.

Тұрғындар облыс әкіміне елді мекеннің оқушыларының спортта үздік екенін, мектептің спорт залының тарлық етіп жүргенін жеткізіп, ауылға дене шынықтыру кешені қажеттігін айтты.

«Ойшілік ауылының оқушылары спортта үнемі жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Елді мекенге тек жақсы спорт кешені жетіспей тұр. Бұл мәселе ауыл тұрғындары тарапынан көптен бері айтылып келеді. Осы проблеманың шешілуіне көмектессеңіз деген тілегіміз бар»,- деді ауыл тұрғындары.

Аймақ басшысы тұрғындардың өтінішін өз бақылауына алып, қолдау көрсететінін айтты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив