Қоғамдық кеңестер Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруға белсенді кірісуде

Қоғамдық кеңестер үйлестіру орталығының кезекті отырысы өтті. Іс-шараға республикалық және жергілікті деңгейдегі 56 қоғамдық кеңестің төрағалары қатысты.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған Үйлестіру орталығы – еліміздің барлық өңірлеріндегі қоғамдық кеңес мүшелерінің өзара тәжірибе алмасуына арналған алаң.
Кездесудің негізгі тақырыбы Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында қойған міндеттерді іске асыруға қоғамдық кеңестердің қатысуы болды. Жиын барысында спикерлер өңірлерді дамыту бойынша сәтті кейстерді бөлісіп, ақсақалдар кеңесін мемлекеттік стратегиялық бастамаларды іске асыруға тарту бойынша ұсыныстар айтты.
Ерекше назар Ұлттық құрылтайда көтерілген негізгі тақырыптардың бірі – экология мәселелеріне аударылды. Атап айтқанда, республикалық «Таза Қазақстан» акциясын ұйымдастыру жайы талқыланды. Қатысушылар бұл бағыттағы қоғамдық кеңестер қызметінің тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Тақырыпты жалғастыра отырып, қатысушыларға қоғамдық кеңес мүшелері қызметін бағалаудың үлгілік әдістеме жобасы ұсынылды. Бағалау жүйесін енгізу қоғамдық институттардың тиімділігі мен ашықтығын арттырып, оларға деген сенімді күшейтуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша Ұлттық құрылтайда қойылған міндеттерді жүзеге асыру, қоғамдық кеңестердің маңызды мемлекеттік бастамаларға қатысуын кеңейту, сондай-ақ қоғамдық кеңестер институтын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірленді.