Өңірлерде спорттың дамуын талдау бойынша жұмыс тобының екінші кезеңі басталды

Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы еліміздің өңірлеріндегі спорт саласына жүргізілетін мониторингтің екінші кезеңін бастайды. Бұл топтың негізгі міндеті – былтыр өңірлерде анықталған мәселелердің шешілу барысын тексеру және министрлік тарапынан қолға алынған спорт реформаларын жергілікті жерлерде түсіндіру.
Бірінші кезеңде жұмыс тобы аймақтарды аралап, жергілікті спорт инфрақұрылымының жай-күйін зерттеп, саладағы мәселелер мен олқылықтарды жинақтап, министрлікке ұсынған. Нәтижесінде, әр өңірге нақты ұсыныстар жолданып, жүйелі жұмыс жүргізуге бағыт берілді.
Екінші кезеңде осы ұсыныстардың өңірлерде қалай іске асып жатқанына талдау жасалады. Сонымен қатар жұмыс тобы өңірлердегі спорт мектептерінің, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің, олимпиадалық даярлау орталықтарының және басқа да мекемелердің қызметімен танысып, қажет болған жағдайда әдістемелік және тәжірибелік көмек береді.
Жұмыс тобы 10 адамнан құралған және екі бағытқа бөлінеді. Топ құрамында экономист, заңгер, құқықтық және әкімшілік-кадр, сарапшы, спорт менеджерлері және тағы басқа мамандар бар. Бірінші топ Қарағанды облысына, екіншісі Абай облысына жол тартады. Әр өңірде кемінде бір апта немесе он күннен астам уақыт жұмыс жүргізу жоспарланған. Жалпы алғанда, бірінші жартыжылдықтың соңына дейін 20 өңірді толық қамту көзделіп отыр.
Мониторинг жұмыстары бекітілген кесте және келісілген жоспар бойынша жүзеге асады. Жұмыс барысын Туризм және спорт министрлігі тікелей бақылауда ұстайды.
Бұл жұмыс орталық пен өңір арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, реформаларды тиімді жүзеге асыруға және жергілікті деңгейдегі спорт саласын нақты деректер негізінде дамытуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, жұмыс тобы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау, спорт саласын жүйелі дамыту және мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыру мақсатында ҚР Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылған болатын.