Абай облыстық мәслихатының XXV кезекті сессиясы өтті
Абай облысы мәслихатының XXV кезекті сессиясы өтті. Оған аймақ басшысы Берік Уәли, мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, депутаттар, тиісті басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия барысында өңірдегі әлеуметтік қолдау шаралары, Үржар мен Көкпекті аудандарында облыстық бюджет есебінен атқарылған жұмыстар, сондай-ақ жер комиссиясы құрамына өзгеріс енгізу және елді мекендерді көгалдандыру мәселелері талқыланды.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек өңірдегі әлеуметтік сала бойынша баяндады. 2024 жылы әлеуметтік қолдау шараларына 29,9 млрд теңге бөлінген. Былтыр өңірде 25 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Биыл 22 885 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Сессияда Үржар және Көкпекті аудандарының әкімдері бейнережимде есеп берді.
Сессияда Абай облысы бойынша жер комиссиясының жаңартылған құрамы бекітілді. Оның құрамына мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер палатасының өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері және салалық мемлекеттік органдардың мамандары кірді.
Сонымен қатар, облыс елді мекендерін көгалдандыру, жасыл желекті күтіп-баптау және қорғау қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Сессия барысында депутаттар тарапынан ономастика, көшелерді абаттандыру, мектептер салу, қоғамдық көлік мәселесіне қатысты депутаттық сауалдар жолданды.
Сессия қорытындысы бойынша тиісті басқармалар мен аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді. Халықтың әл-ауқатын арттыруға, бюджет қаражатының тиімді әрі сапалы игерілуіне депутаттар тарапынан бақылау жалғасатын болады.
Сессия соңында сөз алған облыс әкімі отырыста айтылған ұсыныстар ескерілетінін, мәслихат пен жергілікті билік бірлесе жұмыс істей беретінін атап өтті. Қазіргі уақытта жұмыс сапарымен бұрын аудан орталықтары болған елді мекендерді аралауды бастағанын жеткізіп, бұған сол аймақтардан сайланған депутаттарды белсенді атсалысуға шақырды.
Тазалық, су тасқынының алдын алу, өрт қауіпсіздігі сияқты өңірдегі өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешуге қоғам болып жұмылу қажеттігін айтты.
Облыс әкімі жиында өңірде Жастар, сондай-ақ Туризм басқармасы құрылатынын жеткізіп, бұл аймақта туризмді дамытуға, жастардың бастамаларын қолдауға тың серпін беретінін айтты.