Үкіметте тау-кен металлургия кешеніндегі кәсіпкерлік мәселелері қаралды
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрінің міндетін атқарушы Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен кеңес өтіп, онда тау-кен металлургия кешеніндегі бизнестің түйткілді мәселелері қаралды.
Кеңес барысында қатысушылар экономикалық өсімнің және Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартудың драйвері ретінде жер қойнауын дамытудың жалпыұлттық басымдығын әзірлеу жөніндегі бизнес-қоғамдастықтың ұсынысын талқылады. Сондай-ақ ТМК-ны одан әрі дамытудың стратегиялық бағыт-бағдары, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ ұлттық даму институттары арқылы тау-кен өндіру саласындағы кәсіпкерлік субъектілерін несиелендірудің қолжетімділігі мәселелері қозғалды.
2023 жылдың қаңтарынан бастап өнеркәсіптік өндірісі осы жылы басталған қатты пайдалы қазбаларды ПҚӨС (пайдалы қазбаларды өндіру салығы) төлеуден босатуды көздейтін Салық кодексіндегі түзетулер күшіне енді. 2018 жылдан бастап ТМК үшін үстеме пайда салығы және тарихи шығындар бойынша төлемдер жойылды, ал 2019 жылдан бастап геологиялық барлау шеңберінде коммерциялық ашылулар үшін бонустар алынып тасталды. Сонымен қатар металлургия саласындағы ШОБ субъектілері Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасында көзделген барлық мемлекеттік қолдау шараларына өтінім бере алады.
Отырыс қорытындысы бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Премьер-Министрдің ағымдағы жылғы 5 қаңтарда тау-кен металлургия кешені бойынша отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында берген тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қауымдастықпен бірлесе отырып, жаңа Салық кодексін әзірлеу жұмыстарына белсене атсалысуы қажет.