Cемей14°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
518.21 590.09 6.3

«Абыралы аңыздары» жарық көрді

11-04-2025, 13:10 Сәтжан Қасымжанұлы

Белгілі ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қайырбек Шағырдың «Абыралы аңыздары» атты жаңа кітабы жарық көрді. Кітапта сан сынақты бастан өткерсе де атын сақтаған Абыралы өңірінен шыққан тұлғалар, аты алты алашқа белгілі қайраткерлердің ғұмыр жолы баяндалады. 

«Кітап аты «Абыралы аңыздары» деп аталғанымен, мұнда ел аузындағы ертегі-аңыздар емес, аты аңызға айналған адамдар жайында деректер қамтылған. Ресми шекаралары бірде қосылып, бірде ажыраған шежірелі Шыңғыстау, қазыналы Қарқаралы, еңселі Егіндібұлақ, айбарлы Абыралы, олардың ортақ перзенттері болған Н. Нұрмақов, Ә.Ермеков, Х. Ғаббасов, М. Тұрғанбаев сияқты Алаш арыстары, жыр жампозы Жанақ ақын, ғұлама А. Машанов, қазақ әдебиетінде айшықты ізін қалдырған Сапарғали Бегалин, Төлеужан Ысмайылов, ән бұлбұлдары Әміре мен Бибігүл... Бәрі де аңыз адамдар ғой. Сонымен қатар, жас ұрпақ аға буынның салған іздерін біле жүрсін деп, Абыралы өңірінде туып-өскен немесе белгілі дәрежеде қатысы бар екі жүзден астам адамның қысқаша анықтамалық өмірбаяндары берілді»,- дейді кітап авторы Қ. Шағыр.

Қайырбек Шағырдың бұған дейін «Тартылыс», «Тебіреніс толқындары», «Арша аңқыған жаз», «Қалам мен қамшы» атты өлеңдер мен аудармалар жинағы оқырман қауымға жол тартқан болатын. Бұл жолғы кітаптың да рухани маңызы зор, айтары мол. Оны ақынның «Абыралы адамдарына» атты өлеңіндегі мына жолдар айғақтап тұр:

Абыралы адамдарына

Ауданды елің екі рет

Тарап кеткенде шыдадың.

Байлықтың көбін жемқорлар

Талап кеткенде шыдадың.

Шыдай да жүріп күрестің,

Жылай да күліп тірестің.

Қалдырмай жерді иесіз,

Замана көшке ілестің, 

Еңбектің отын үдеттің.

Өртеңге өскен гүлмісің,

Ерлігіңменен үлгісің.

Жетсе егер менің шын күшім

Абыралы адамдарына 

Орнатар едім бір мүсін!

Бұдан өзге автордың әр жылдары белгілі тұлғалардан алған сұхбаттары, әлемге әйгілі адамдар өмірін зерттеген танымдық зерттеулері енген.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив