Жұмысшы мамандықтар аясында республикалық форум өтті
Семей геологиялық барлау колледжінде «Жастар жаңа геологиялық жаңалықтар жолында» атты республикалық студенттер форумы өтті. Кең ауқымда қамтылған бұл шара Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылды.
Бұл форумның негізгі мақсаты – жастар болашағын айқындайтын геологиялық мамандықтардың имиджін қалыптастырып, олардың мамандыққа деген қызығушылықтарын дамыту. Дарынды жастардың жетістіктерін қолдау, мадақтау, шығармашылықтарын дамыту.
Жамбыл облысынан Жаңатас көпсалалы колледжі, Қызылорда облысынан Шиелі индустриалды - аграрлық колледжі, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Инновациялық технологиялар колледжі, Ресейдің Новосібір қаласынан Сібір геофизикалық колледжі, Абай облысынан Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі қатысқан форум жұмысына «Argo Resources» ЖШС, «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС, "Васильевское» тау-кен металлургия компаниясы, «Бақыршық тау-кен өндіру компаниясы» сияқты кәсіпорындардың мамандары сараптама жасады.
Нәтижесінде Шиелі индустриалды - аграрлық колледжінің SheliБурМаш командасы I орын биігінен көрінсе, II орынды Жаңатас көпсалалы колледжінің «Жас кеншілер» командасы мен Семей Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі «ГеоНавигаторы» командасы еншіледі. И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің «ГеоДрайв» командасы, Сібір геофизикалық колледжінің «Гранит»командасы және Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Инновациялық технологиялар колледжінің и «Жер Ана Сыры» командасы ІІІ орынды бөлісті.
Жүлдегер командалар әртүрлі аталымдар бойынша марапатталды.