Cемей10°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
516.91 586.33 6.3

Еліміздің үздік ұстаздары мектептерге тәлімгерлік етеді

14-04-2025, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің үздік педагогтерімен, ардагер ұстаздармен онлайн форматта кездесу өткізді. Ашық диалог алаңына айналған бұл жиын қазіргі білім беру жүйесіндегі және қоғамдағы мұғалімнің рөлін талқылауға арналды.

Кездесуге еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық педагог қатысты. Олардың арасында «Қазақстанның Еңбек Ері», «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атақтарына ие ұстаздар да бар. Бүгінде білім беру саласында 5 «Еңбек Ері» мен 74 «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» еңбек етуде. Сонымен қатар жыл сайын өткізілетін «Үздік педагог» республикалық байқауының 700-ден астам жеңімпазы бар.

Қазақстан педагог мәртебесін көтеру мақсатында түрлі мемлекеттік қаржылық қолдау тетіктерін енгізген санаулы елдердің бірі. Мемлекеттік марапат иегерлері, үздік педагогтер және шәкірті халықаралық олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткен мұғалімдерге 1000 АЕК көлемінде сыйақы қарастырылған.

«Мемлекет басшысы ұстаздың рөлін қоғамның басты кейіпкері ретінде айқындап берді. Педагогтің еңбегі лайықты бағаланып, оны қолдау – мемлекеттің басым бағыттарының біріне айналды. Ендігі мақсат – осы игі бастамаларды жалғастырып, мұғалімдер арасында ағартушылық пен зиялылық сабақтастығын сақтау. Мемлекет марапатына ие болған ұстаздар ұлттың мақтанышына айналуы керек. Біз оларды алты алаштың төріне шығару арқылы бүкіл педагогтерге ұстаз еңбегінің лайықты бағаланатынын көрсетіп, жетістікке жетуге ынталандырамыз», – деді Ғани Бейсембаев.


Жиын барысында Қазақстанның Еңбек Ерлері Гүлжанар Нұрпейісова, Алма Шүкіжанова, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Нағиша Есбосын және «Еңбек ардагері» Орынша Қарабалина сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

«Менің 54 жылдық ғұмырым мектеп қабырғасында өтті. Мемлекет басшысының ұстазға деген қамқорлығы – бұл бізге артылған сенім мен жауапкершілік. Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Себебі ұстаз болу – тек білім беру емес, ел болашағын тәрбиелеу», – дейді 93 жастағы ардагер ұстаз Орынша Қарабалина.


Кездесу соңында министр білім басқармаларына үздік ұстаздарды мектептерге тәлімгер ретінде тартуды тапсырды. Сондай-ақ, жас мұғалімдерге бағыт-бағдар беру мақсатында тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру қажеттігін айтты.

Айта кетейік, қазіргі таңда министрліктің бастамасымен білім беру ұйымдарында «Қазақстанның Еңбек ері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанған педагогтердің фотогалереялары ашылуда.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив