Ветеринариялық-санитариялық нысандарды жаңғырту мәселесі талқыланды

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Қала және аудан әкімдері бейне режимде қатысқан отырыста облыстағы ветеринариялық-санитариялық нысандардың жәй-күйі, Абайдың 180 жылдығы және Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күнін атап өтуге дайындық барысы қаралды.
Жиында Ветеринария, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі, Ішкі саясат, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары, Ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясы басшылары мен Абай ауданының әкімі баяндама жасады.
Облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Ержан Барышевтың айтуынша, қазіргі таңда өңірде 131 ветеринариялық пункт бар. Оның 26-сы – коммуналдық мекемелердің, қалғаны – жергілікті әкімдіктердің ғимаратында орналасқан. Алайда ғимараттардың көпшілігінде қан сынамаларын және вакцинаны уақытша сақтау талапқа сай ұйымдастырылмаған. Сондықтан өңірдегі барлық ветеринариялық пункттерді заман талабына сай жаңа ғимаратқа орналастыру қажеттігі туындап отыр.
Облыс аумағында 84 мал сою нысаны тіркелген. 2024–2026 жылдарға арналған индикативтік жоспарға сәйкес қосымша 128 нысан ашу көзделген.
Өңірде 146 мал көму қорымы бар. Жиында ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау үшін қосымша 118 мал қорымын салу туралы айтылды. Аймақтағы сібір жарасы көмінділерін талапқа сай қоршау да күнтәртібінде тұр.
Облыс әкімі жиында Ветеринария басқармасының бұл бағыттағы жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегенін сынға алды. Саланың өзекті мәселелері толық қамтылмағанын жеткізіп, басқарма басшысының баяндамасын кері қайтарып, аталған мәселе маусым айында қайта қаралатынын айтты. Жауапты орынбасары Қуаныш Сүлейменовке осындай олқылықтарға жол бергені үшін ескерту жасады.