Cемей24°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
521.9 593.5 6.39

Облыс әкімі Байқошқар ауылының өзекті мәселелерімен танысты

Бүгін, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапары аясында Байқошқар ауылындағы әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты.
Байқошқар – көрнекті қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин дүниеге келген, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы білім алған, өсіп-өнген ауыл. Қазіргі таңда елді мекенде 320-ға жуық халық тұрады.

Аймақ басшысы әуелі ауылдағы Горный жалпы орта білім беретін мектебіне барды. 1963 жылы салынған білім ордасы 150 орынға шақталған. Бүгінде мұнда 65 оқушы білім алады. 25 мұғалім жұмыс істейді. Мектеп 2017 жылы күрделі жөндеуден өткен. Оқу ордасында 12 оқу кабинеті, асхана, акт залы бар. Барлық кабинет замануи құралдармен жабдықталған. Жоғары және бастауыш сынып оқушылары екі бөлек корпуста оқиды.

Мектептегі өзекті мәселенің бірі - спорт және акт залдарының жоқтығы. Білім мекемесінде кадр тапшылығы бар. Жас педагогтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінде тұр. Ауылдағы мектепте бала саны азайған. Елді мекендегі оқушы санын көбейту үшін ауыл әкімдігі өзге өңірлерден тұрғындарды тарту жұмысын бастаған. Облыс әкімі бұл жұмысты жалғастыру керектігін айтты.

Аймақ басшысы ауылдағы Мәдениет үйінде елді мекен тұрғындарымен кездесті. Жиында ауыз су, жолды жөндеу, спорт нысанын салу, мал көметін орын бөлу, мал дәрігерін көлікпен қамтамасыз ету секілді мәселелер көтерілді. Елді мекендегі фельдшерлік-акушерлік пункттің сапасыз салынғаны, ауыз су тарту жұмысының толық аяқталмағаны туралы да айтылды. Аудан әкімі ауылға су құбырын тарту жақында басталатынын жеткізді.

Облыс әкімі ауылдағы өзекті мәселелер назарға алынып, кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

«Шалғайдағы Байқошқар ауылы - тарихы терең, елге танымал тұлғалар шыққан киелі мекен. Мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Кездесуде айтылған халықтың ұсыныс-пікірлері ескерусіз қалмайды. Елді мекендегі өзекті проблеманың бірі – спорт нысанының жоқтығы. Мектептің өзінде де спорт залы жоқ. Облыста осындай 30-дан астам мектеп бар екен. Сондықтан бұл мәселені жүйелі түрде шешетін боламыз»,- деді аймақ басшысы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив