Абай облысында халықтан заңсыз сақталған қаруды сатып алу акциясы басталды

Аймақта халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кең ауқымды акция басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Бақытбек Сыдықбаев баяндады.
Ағымдағы жылдың 21 сәуірінен бастап республика аумағында жүзеге асырыла бастаған акцияның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заңсыз қару айналымының алдын алу.
Спикердің айтуынша, қару-жарақты өз еркімен тапсырған азаматтар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен толықтай босатылады.
Қару тапсыру тәртібі жөнінде Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы Ермек Закенов тұрғындардың ішкі істер органдарына тікелей жүгінуіне немесе «102» арнасына хабарласуына болатынын атап өтті.
Сонымен қатар, Ермек Закенов түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында өңір бойынша, әсіресе ауылдық елді мекендерде, халықты ақпараттандыру шаралары белсенді жүргізіліп жатқанын жеткізді.