Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

Семей қаласының әкімі мәслихат депутаттарымен бірге сенбілікке шықты

1-04-2023, 10:14 Думан Кенжеғазыұлы

Қоршаған ортаны қорғау бүгінде бүкіл ғаламдық көкейкесті проблемаға айналып отырғаны белгілі. Бүгінгі күні дәл осы мәселелерге мемлекеттік деңгейде мән беріліп, мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, түрлі шаралар қарастырылып отыр. Соның бірі – Семей қаласы әкімінің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан санитарлық-экологиялық екі айлығы. 

Көктемгі санитарлық-экологиялық айлығының іс-шаралары қала әкімінің қадағалауында болады. Айлық барысында коммуналдық шаруашылық, сондай-ақ барлық мекемелер, жекеменшік нысандар түгелдей қар кетер-кетпестен тазалау жұмыстарына кірісіп, ауқымды іс-шаралар атқарады.

Осы мақсатта бүгін Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов VIII жаңадан сайланған қалалық мәслихат депутаттарымен бірге «Таза табиғат» акциясы аясында қолына қолғап киіп, қап алып сенбілікке шықты.

Жер ананы бусандырған көктемнің тіршілік иесіне берері мол. Қыс бойы ақ қар астына тығылған өсімдіктер қайта бой көтеріп, жәндіктердің оянатын, тіршіліктің қайнайтын шағы осы кезден бастау алары сөзсіз. Айналаны ақ қарға ораған қыстың қаһары қайтып, көктен күлімдеген күннің нұры мұздақтарды ерітіп, сай-саланың суға толатын кезі де көктем айлары екендігі анық. Бұл мезгілде жер бетіндегі тіршілік атаулыға жан бітіп, келер қыстың қамына кірісетініміз де бар. Осындай жайма-шуақ көктемнің сәуір айында, жыл сайын дәстүрге айналған сенбілік жұмысы Семейде бастау алды. Табиғаттың қойнауына толған қоқыстар тазартылып, тиісті орындарға жөнелтілді.

Қоршаған ортаны таза ұстау, қалдықтарды тастамау әр адамның өз қолында екендігін әрбіріміз біле бермейміз. Әр сенбі сайын жүргізілетін тазалық жұмыстары біткеннен соң көшелер айнадай жарқырап шыға келеді. Бірақ өкінішке орай, бірер күн өткен соң көше бойындағы арықтардың, қоғамдық орындардың маңайы қоқысқа қайта толатындығы ішті қынжылтады. Сол себепті қала әкімдігі 2 ай бойы әр аптаның сенбісінде тазалық жұмыстарын жүргізуді мақсат етіп отыр.

Табиғат ана берген байлықты қорғау — әрбір азаматтың міндеті. Олай деп айтуымызға да негіз бар. Түрлі өсімдіктер ауаны ластайтын қалдықтарды өз бойына сіңіріп, тіршілікке жаңаша нәрін береді. Сол арқылы барша адамзат баласы тыныстап, өмір сүру қалпын жақсартады. «Тазалық – денсаулық кепілі» дейміз. Жүретін жолымызды, демалатын ауамызды, тұратын өлкемізді таза ұстау әр тұлғаның мәдениеттілігін айқындайтын басты қасиет. Ендеше табиғатты таза ұстай отырып, сауаттылығымызды көрсетейік.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив