Мәжіліс зияткерлік меншік мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар зияткерлік меншік мәселелері бойынша заң жобасы мен орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Зияткерлік меншік мәселелері бойынша заң жобасы Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауын жүзеге асыру үшін әзірленді. Оның негізгі ережелерімен Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды. Баяндамашы заң жобасы зияткерлік меншікті қорғаудың қосымша құқықтық құралдарын енгізу арқылы зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталғанын хабарлады.
Өтініш берушінің өтініші бойынша тауар белгілеріне жедел сараптама енгізу ұсынылады. Ол тауар белгілерін құқықтық қорғауды үш ай ішінде (жеті айдың орнына) алуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жоғары бәсекелестік кезінде, оның ішінде электронды коммерцияда жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілері үшін өзекті.
Сондай-ақ тауар белгісі ретінде тіркеуге мәлімделген белгілерге қарсылықтарды жіберу мерзімін бір айдан екі айға ұзарту ұсынылады. Қарсылықтарды беруге қосымша уақыт тауар белгілеріне өтінімдерді қараудың әкімшілік тетігінің тиімділігін арттырады, сондай-ақ соттағы және сотқа дейінгі шағымдар санын азайтады.
Бұдан бөлек жария етілген туындыларды еркін пайдалану жағдайлары толықтырылады. Оларды таратуға, көпшілікке Брайль қарпімен немесе басқа да арнайы тәсілдермен қолжетімді етуге автордың немесе авторлық құқық иеленушінің келісімінсіз рұқсат етіледі. Бұл көру қабілеті бұзылған адамдардың туындыларға қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Жұмыс тобының жетекшісі Нұрсұлтан Байтілесов қосымша баяндамасында заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар нормаларды жетілдіру үшін бірқатар түзету енгізгенін атап өтті.
– 2024 жылғы қарашада Meta платформаларында қазақстандық авторлар мен орындаушылардың музыкалық туындыларына шектеу фактілері ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарға бақылауды жетілдіру қажеттігін көрсетті. Осыған байланысты депутаттар ұжымдық басқару саласын цифрландыруға, өтемақының ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жиналған сыйақыны әділ бөлуге және төлеуге бағытталған бірқатар түзету ұсынады, – деді Н.Байтілесов.
Сонымен қатар заң жобасында патенттік сенім білдірілген өкілдерін мамандандыру көзделген. Тауар таңбаларын тіркеуден бас тарту негіздері түсіндіріліп, мемлекеттік сараптама сатысында патент беруден бас тарту мүмкіндігі қарастырылған.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков авторлар мен басқа да авторлық құқық иелері туындыларды пайдаланудың әр түрі үшін сыйақы алуға құқылы екенін айтты. Алайда заңнамада авторлық құқық және сабақтас құқық объектілерін қайта жіберуге қатысты авторлар мен орындаушылардың мүліктік құқықтары көзделмеген. Мәжіліс депутаты Әділет министрінен аталған құқықтық олқылықтарды жоюға қатысты жоспарларын сұрады. Ерлан Сәрсембаев өз жауабында заң жобасының бұл бөлігінде тек теле-радиоарналар сияқты хабар тарату ұйымдарының меншік құқығына қатысты түзетулер қарастырылғанын жеткізді. Бұл ретте, оның айтуынша, авторлар мен орындаушылардың құқықтары бұзылмайды. Сондай-ақ депутаттар авторлық құқық объектілерінің бірыңғай мемлекеттік тізілімін құру, тауар таңбалары құқықтарын қорғау, фонограммаларды пайдалану стандарттары және басқа да мәселелерін көтерді. Оларға қатысты шаралар заң жобасының екінші оқылымына дейін талқыланады.
Талқылау қорытындысында зияткерлік меншік мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылданды. Оны екінші оқылымға дайындау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.
Жалпы отырыста депутаттар орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл жөнінде депутаттарға түзету авторларының бірі, Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ольга Булавкина баяндама жасады. Оның айтуынша, жоба ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды реттеудегі құқықтық олқылықтарды жояды.
– Түзетулер аясында әлеуметтік (емдеу және білім беру мекемелері, қазіргі зираттар), инженерлік инфрақұрылым (кәріз-тазарту құрылысжайлары, электр беру желілері) объектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін ауыстыру құқығы беріледі. Оның үстіне, бұл норма ерекше қорғалатын аумақты құруға және кеңейтуге дейін болған жоғарыда аталған нысандарға ғана қатысты болады, – деді Ольга Булавкина.
Сондай-ақ мемлекеттiк орман қорының жерлерiн ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарын, сондай-ақ инженерлiк және коммуналдық-тұрмыстық коммуникациялар желiлерiн салу және пайдалану үшiн басқа санаттағы жерлерге беруге мүмкіндік берiледi.
Сел, көшкін және қар көшкінінен қорғау құрылысжайларын салу үшін жекелеген санаттардан жер учаскелерін беруге рұқсат ету жағдайларының тізбесі кеңейтіледі.
Жұмыс тобының жетекшісі Ерболат Сатыбалдин қосымша баяндамасында Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының арнайы бөлінген учаскелерінде жергілікті халықтың мұқтажы үшін шөп шабу мүмкіндігін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен шешу қарастырылғанын айтты.
Осыған орай талқылау барысында депутат Нұржан Әшімбетов Ольга Булавкинадан дәл осы резерв неліктен таңдалғанын және басқа да осы тектес мекемелерде жағдай қандай болатынын сұрады. Ольга Булавкина мұнда ерекше қорғалатын аумақ құрылғанға дейін адамдар мал жайып, жем-шөп жинауына болатынын жеткізді. Алайда 2010 жылдан бері қорық аумағының 45 мың гектарға кеңеюіне байланысты жергілікті тұрғындар шабындық алқаптарынан айырылған. Түзетулер қабылданғаннан кейін олар орман билеттері деп аталатын бұл жерлерді заңды деңгейде пайдалана алады. Бұл мүмкіндік басқа аймақтарға арналған заң жобасы аясында қарастырылуы мүмкін.
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жобасын жұмысқа қабылдады.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты 18 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен телеграм арнасында жарияланды.