Дәрі-дәрмекті QR-код арқылы үлестіру: антикор еріктілері бақылау жүргізуде

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаменті өңірдің еріктілермен бірлесіп, денсаулық сақтау саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда.
Атап айтқанда, бүгінгі күні еріктілер бастамасымен тегін дәрі-дәрмектерді беру процесіне QR-код жүйесін енгізу бойынша мониторинг өткізілуде. Бұл бастама халыққа тиесілі дәрі-дәрмектердің әділ және ашық түрде таратылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ бұл саладағы ықтимал заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған.
Департамент бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында азаматтардың ұсыныстары мен қоғам талабын ескере отырып, денсаулық сақтау саласында «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту жолдарын қарастыруда. Яғни, дәрі-дәрмектерді беру тетіктерін цифрландыру арқылы халықтың оларға қолжетімділігін қамтамасыз ету және бақылау механизмдерін жетілдіру мәселелері назарға алынды. QR-код жүйесі осы үдерісті заманауи, тиімді әрі әділ етуге мүмкіндік береді.
Аталған мониторинг азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы ашықтық пен сенімді арттырудың айқын мысалы болып табылады. Департамент еріктілермен бірлесе отырып, қоғам мүддесіне сай бастамаларды әрі қарай да жүйелі түрде қолдап, іске асыруды жалғастырады.