Cемей17°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
513.68 583.03 6.24

Мемлекеттік басқару академиясына құжаттар қабылдана басталды

Бүгін, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына құжаттар қабылдау басталды. Бұл туралы Академияның Абай облысы бойынша филиал директоры Асет Абжаков хабарлады. Өтініштер «Admission» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта қабылданып жатыр. Құжат тапсыру мерзімі 2025 жылдың 25 маусымына дейін жалғасады.

Асет Абжаковтың айтуынша, Академия 12 білім беру бағдарламасы бойынша қабылдау жүргізеді, оның ішінде 9 магистратура және 3 докторантура бағдарламасы бар.

- Ағымдағы жылы магистратура бағыттары арасында «Цифрлық мемлекеттік басқару» атты жаңа бағдарлама іске қосылды. Сонымен қатар, магистратура бағдарламаларына қабылдау талаптары күшейтіліп, мемлекеттік қызмет өтілі кемінде 3 жыл болуы міндетті. «MPA – Мемлекеттік басқару» және «MPP – Мемлекеттік саясат» бағдарламаларына қабылдау үшін еңбек өтілі тиісінше 5 және 4 жылды құрауы керек, - деді спикер.

Қабылдау науқанының тағы бір жаңалығы – ақылы негізде оқу мүмкіндіктерінің кеңеюі. Енді мемлекеттік қызметшілерден бөлек, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері де ақылы бөлімде оқи алады. Сонымен қатар, әрбір білім беру бағдарламасына нақты салалық талаптар енгізілген.

Биыл магистратураға 120, докторантураға 12 мемлекеттік грант бөлінген. Ақылы бөлімге мемлекеттік қызметшілермен қатар мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдері де қабылданады.

Академияда студенттер кәсіби және тұлғалық даму мүмкіндіктеріне ие болады. Сондай-ақ шетелдік тағылымдамадан өту, ғылыми жобалармен айналысу және «Жас мемлекеттік қызметшілер үйінде» тұру мүмкіндігі қарастырылған.

- Іріктеу екі кезеңнен тұрады: алдымен аналитикалық эссе жазу 28 маусым мен 1 шілде аралығында, кейін офлайн сұхбат 8–23 шілде аралығында жүргізіледі. Нәтижелер 25 шілдеде жарияланады. Оқу дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталады, - деп түйіндеді Асет Абжаков.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив