Сенатта Ұлттық қордың қаржысын басқару мәселелері қаралды

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын басқарудың тиімділігі» тақырыбы бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен кездесу өткізді.
Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов отырысты аша келіп, Ұлттық қор қаржысын тиімді басқару тұрақты экономикалық өсуді, әлеуметтік тұрақтылық пен болашақ ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылатынын атап өтті.
«Біздің экономикамыздың тұрақтылығын қамтамасыз етуде, тұрақты өсуді қолдауда және азаматтарды әлеуметтік қорғауда Ұлттық қор қаржысын тиімді басқарудың маңызы зор. Ұлттық қор – бұл жинақтарды сақтауға арналған және оларды қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесіне пайдалануға көмектесетін ресурс. Қоғам үшін Қорды басқарудың ашық және айқын болуы, жаһандық өзгерістерді ескеруі және еліміздің қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге қабілетті, жауапкершілік пен ойластырылған инвестициялық саясат қағидаттарына негізделуі аса маңызды», - деді Сұлтанбек Мәкежанов.
ҚР Ұлттық банкінің өкілі өз кезегінде инвестицияларды әртараптандыру стратегиясымен қоса жаңа бюджет ережелерін енгізу, Қор активін басқарудың тиімділігін арттыру жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы, сондай-ақ болашақ ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз ету мен ұзақ мерзімді қаржы тұрақтылығына бағытталған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы сияқты әлеуметтік бастамалар туралы айтып берді.
Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі жүргізіліп жатқан аудиттер және Ұлттық қор қаржысын пайдалану тиімділігін бағалау туралы хабардар етті. Ұлттық қордан трансферттік қаржы тек қана жалпымемлекеттік маңызы бар жобаларға пайдаланылуы тиіс екендігі атап өтілді.
Шараға сонымен қатар ұлттық экономика және қаржы министрліктерінің өкілдері қатысты.