Cемей7°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
512.34 582.07 6.31

Мәжілісте электр энергиясы нарығын реформалау қорытындылары талқыланды

Бүгін, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде электр энергиясын бөлшек саудада өткізуді реформалау қорытындылары талқыланды. Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен өткен жиынға уәкілетті мемлекеттік органдар мен энергиямен жабдықтаушы компаниялар өкілдері, сарапшы мамандар қатысты.

Электр энергиясы нарығын реформалау нормалары 2024 жылы жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелері туралы заң жобасы аясында қабылданған болатын.

– Бұл депутаттардың бастамасын Үкімет қолдады, Президент қол қойды. Тиімсіз делдалдарды жою мақсатындағы бұл реформаны жүргізу арқылы депутаттар тарифтің төмендеуіне және тұтынушы топтары арасындағы қаржылық алшақтықтардың қысқаруына әкелетінін жоспарлады. Бұл ережелер биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Бүгін біз осы реформаның барысы мен оның нәтижелері туралы мемлекеттік органдар мен энергетика нарығы субъектілерінің ақпаратын тыңдағымыз келеді, – деді отырысты ашқан Еділ Жаңбыршин.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, 2004 жылы электр энергиясының бөлшек сауда нарығындағы бәсекелестікті дамыту, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту және тарифтерді төмендету үшін электр энергиясын беру және жабдықтау жөніндегі қызметті бөлу қажеттігі туралы шешім қабылданған. 100-ден астам энергиямен жабдықтау ұйымдары іс жүзінде энергиямен жабдықтау қызметтерін көрсеткен, оның ішінде 34 кәсіпорынға бағаларды мемлекеттік реттеу қолданылған.

– Реттелмейтін энергиямен жабдықтау ұйымдары құрылған сәттен бастап соңғы жиырма жыл ішінде Электрмен жабдықтау нарығында айтарлықтай қолайлы айырым белгілері болған жоқ. Нарықта түрлі жұмыс жағдайы бар функциялары бойынша бірдей ұйымдардың болуы энергияны көп қажет ететін тұтынушылардың неғұрлым тиімді шарттар үшін реттелмейтін ұйымға ауысуына әкеп соқтыратын теңгерімсіздіктер туғызды. Өйткені реттелетін жлектрмен жабдықтау ұйымдарындада заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін тарифтер халықты субсидиялау қажеттілігіне байланысты тартымды емес, – деді Энергетика вице-министрі.

 2024 жылы жылу энергетикасы және электр энергетикасы туралы заң жобасын қарау барысында электр энергиясының бөлшек сауда нарығын оның қатысушылары қатарынан энергиямен жабдықтау ұйымдарын алып тастау және энергиямен жабдықтау функциясын өңірлік желілік компанияларға беру арқылы реформалауға бағытталған түзетулер енгізілді.

– Үкімет бөлшек сауда нарығын реформалаудың бірқалыпты ауысуы үшін энергиямен жабдықтау ұйымдарына кепілдік беретін функцияларды өңірлік желілік компанияларға беру шараларын қабылдады. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әлеуметтік шиеленістерді болдырмау және реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар тарапынан алыпсатарлыққа жол бермеу үшін 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың лицензиялары тоқтатылды, – деді Сұңғат Есімханов.

Осылайша, Энергетика вице-министрінің айтуынша, 34 реттелетін энергиямен жабдықтау ұйымының функциялары 21 энергия тасымалдаушы ұйымға берілді. Функциялардың ауысуы бірқалыпты өтіп, электрмен жабдықтауда үзіліс болмаған. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығы қалыпты жұмыс істеуде.

 Сонымен қатар орта мерзімді перспективада министрлік тұтынушылар топтары арасындағы өзара субсидиялаудан бас тартуды жоспарлап отыр. Бұл шара тұтынушылардың барлық тобына бірдей жағдай жасауға бағытталуы тиіс.

 Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев депутаттарды қол жеткізілген нәтижелер, нарықтың қазіргі жағдайы және бөлшек электр энергиясымен қамтамасыз етудің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстарға тоқталды.

 Оның айтуынша, көрсетілген өзгерістерге сәйкес, 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап электр энергиясын бөлшектеп жеткізуді тек реттелетін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жүзеге асырады. Бұл өткізілетін электр энергиясының бағасын толық мемлекеттік реттеуді енгізуге, шағын және орта бизнес үшін тарифтік жүктемені азайтуға, бұрын қалған тұтынушылар үшін тарифтердің өсуіне әсер еткен тұтынушылардың реттелмейтін секторға кету тәжірибесін алып тастауға мүмкіндік берді.

– Бұл саясатты жүзеге асыру еліміздің 12 өңірінде тарифтерді орташа есеппен 12,23 пайызға немесе кВт/сағ үшін 4,62 теңгеге төмендетуді қамтамасыз етті және тек білікті жеткізушілерді тарту арқылы нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттырды, – деді Н.Болатбаев.

 Кездесу барысында «Қарағанды ​​Жарық» ЖШС энергиямен жабдықтаушы ұйымының ұстанымын компания директоры Дидар Ахмадин айтты.

Талқылау барысында депутаттар қордаланған жүйелі мәселелерге, соның ішінде электр мамандарының жетіспеушілігіне, халық үшін энергия тұтыну тарифтерін төмендетуге, электр энергетикасындағы жалпы жағдайға, даму жоспарлары мен энергетика нарығын тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шараларға назар аударды.

Жиын соңында Еділ Жаңбыршин қабылданған заң аясында былтыр жылу энергетикасы, электр энергиясының көтерме және бөлшек сауда нарығында ауқымды реформалар жүргізілгенін атап өтті.

– Осы реформаның нақ нәтижесін көріп отырмыз. Көп жұмыс атқарылып, энергия құрылымы өзгерді. Жалпы реформаның мақсаты орындалып, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қызметін атқарған өнімсіз делдалдарды жою қамтамасыз етілді. Дегенмен қосымша функцияға, қосымша әкімшілік ресурсқа ие болған өңірлік электр желілері компаниялары өз құзыретінен асып, ел тұрғындарына қиындық тудырмауы керек. Осы бағытта бақылауды қамтамасыз ету Үкіметтің, атап айтқанда, Ұлттық экономика және Энергетика министрліктерінің тікелей міндеті, – деді комитет төрағасы.

Бұл ретте депутат бірыңғай сатып алушы және түпкілікті тұтыну деңгейінде тарифтерді саралаумен байланысты қалыптасқан бұрмалауларды және негізсіз субсидиялауды жою бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив