Қазақстан мен Пәкістан сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда

Карачи қаласында 300-ден астам бизнес өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өтті.
Қазақстан Республикасы Көлік министрі Марат Қарабаевтың, Пәкістан Ислам Республикасының сауда министрі Джам Камал Ханның және Қазақстан Республикасының Пәкістандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қыстафиннің бірлескен төрағалығымен Карачиде Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумы өтті.
Форум іскерлік байланыс орнату, ынтымақтастықты одан әрі нығайту және нақты келісімдер жасасу үшін маңызды алаңға айналды. Іс-шара аясында жалпы сомасы 70 млн АҚШ долларынан асатын төрт құжатқа қол қойылды.
Екі ел компаниялары арасында екіжақты B2B және G2B кездесулері өтті.
Пәкістанның жетекші логистикалық операторлары қатарына жататын NLC және TCS-пен ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Олар арқылы Трансауған дәлізі арқылы жүктерді жеткізу жүзеге асырылады. Логистикалық ынтымақтастықты кеңейту, рәсімдерді жеңілдету және бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімдерге қол жеткізілді.
Сондай-ақ, Пәкістанның ең ірі Shane Global Group өнеркәсіп тобымен кездесу өтті, оның қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанда шыны ыдыстарды өндіру жөніндегі жобаны бірлесіп іске асыру туралы уағдаласты. TCS логистикалық компаниясымен кездесуде рәсімдерді өзара жеңілдету және халықаралық автомобиль тасымалдарының көлемін ұлғайту шаралары талқыланды.
Форум аясында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев ПИР Сауда министрі Джам Камал Ханмен жеке кездесу өткізді. Тараптар екі ел арасындағы тауар айналымының өсуіне ықпал ететін мультимодальды маршруттарды дамытудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар Көлік министрі Карачи портына барып, Пәкістанның Теңіз істері министрі Мухаммад Жунайд Анвармен келіссөздер жүргізді.
Сонымен қатар министр порт жұмысымен, оның автоматтандырылған жүйесімен және инфрақұрылымымен танысып, екі ел порттары арасындағы ынтымақтасты талқылады.
Карачи қаласындағы бизнес-форум көлік-логистика, АӨК, өнеркәсіп, инфрақұрылым және сауда салаларындағы одан әрі ынтымақтастықтың берік негізін қалады.