Cемей15°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
512.34 582.07 6.31

Қазақ жерін қадірлеген Наталья

Бүгін, 10:54 Сәтжан Қасымжанұлы

Қазақстан ел бірлігі мен ұлттар арасындағы татулықтың тұғырын нықтаған мемлекет екендігін бүгінде әлем мойындайды десек, артық айтқандық емес. Соның бір айқын дәлелі ретінде таяуда ғана Астана төрінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІҮ сессиясының кезекті рет тұрақты өткізілуін айтсақ та болады. 

Өткен ғасырда тағдыр жазуымен, сан тараулы жылдар көшімен қазақ даласынан орын тапқан ұлт өкілдері бүгінде жүзден асады. Олардың қатарында бүгінде бейбітшілікті қалайтын ортақ отанымызда бір үйдің баласындай біте қайнасып, туыстық сыйластықтың туын желбіреткен отбасылар аз емес. 

Наталья Геннадьевна – Аягөз ауданы Мыңбұлақ ауылының тумасы. Ақшәулі орта мектебін бітіргеннен кейін Шәкәрім университетін информатика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Ұстаздық мамандықты жасынан қалаған ол бүгінде өз саласында озат оқушылар тәрбиелеп, шәкірттері білім сайыстарында алдыңғы орындардан көрініп жүр. 

«Мен ұстаздық қызметімді Бесқарағай ауданы, Үлкен Владимировка  орта мектебінен бастадым. Қазіргі уақытта Бородулиха ауданындағы Жезкент мектеп-лицейінде информатика пәнінен сабақ беремін. Осы уақыт ішінде менің оқушыларым халықаралық, республикалық және облыстық байқауларда үздік нәтижелер көрсетіп келеді»,- дейді ол. 

Натальяның білікті ұстаз екендігін «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауында 3 орын, «Үздік ауыл мұғалімі» облыстық байқауында 1 орын, халықаралық практикалық конференцияда 1 орын иегері атанғанынан байқауға болады. Бейбіт те берекелі бірлікті берік ұстанған қазақ елінде тұрғанына, қалыптасып шыңдалғанына шын жүректен  қуанышты екендігін де жасырмайды.

«Мен үшін қазақ жерінде дүниеге келіп, болашағымды айқындап осы күнге жеткенімнен артық бақыт жоқ. Сол себептен тұғыры биік тәуелсіз елім мен туған жерім Қазақстанға ерекше алғысымды айтқым келеді»,- дейді Наталья ұстаз.

Натальяның жары Қанат Амангелдіұлы да ұрпаққа білім беруді мақсат еткен азамат. Ол Жезкент мектебінде тарих және құқық пәнінен сабақ береді. Татулығы мен бірлігі айрандай ұйыған отбасындағы Асанәлі мен Нұрғали атты екі ұл ертеңінен көп үміт күттіреді. Асанәлі Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің студенті. Ал Нұрали 9 сыныпта үздік оқып жүр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив