Қазақстанда үш апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының төмендеуі тіркелді
Елімізде үш аптадан бері 6 түрлі өнімге, яғни қарақұмық жармасы, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат және қантқа бағаның төмендеуі тіркеліп отыр. Осылайша, мемлекеттің тұрақтандыру қорлары мен өңірлердің жасақталған қорларынан көкөністерді брондаудан шығару жөніндегі шаралары үстіміздегі маусымаралық кезеңде оң нәтижесін беруде.
Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке арналған апталық баға жағдайының қорытындылары мен бағаны тұрақтандыру шаралары талқыланды.
«Осы аптада қарақұмық жармасының бағасы – 1,3%-ға, қант – 0,8%-ға, пияз – 0,3%-ға және картоп – 0,7%-ға төмендеді. Сондай-ақ жалпы үш өңірде, яғни Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында күнбағыс майының бағасы 1,1%-ға төмендеді», — деп атап өтті ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков.
Сонымен қатар Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығының мәліметтері бойынша 2022 жылдың қазан-қараша айларымен салыстырғанда күнбағыс күнжарасының бағасы 30%-ға, ал күнбағыс майының бағасы өткен жылдың қарашасымен салыстырғанда 19%-ға дейін төмендеген. Қазір отандық май зауыттарында өндірілетін тазартылған күнбағыс майының сату бағасы литріне 630-680 теңге аралығында.
Маңғыстау облысында бағаның төмендеу үрдісі жалғасуда. Сонымен қатар осы аптада Батыс Қазақстан облысында оң баға тренді тіркелді: -0,1%. Мұнда пияздың (-2,9%) және қанттың (-3,8%) бағасы айтарлықтай төмендеді. СҚО-да баға тұрақтанды.
Делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы өз нәтижесін көрсетуде.
«Cауда комитеті электронды шот-фактураларды талдау нәтижесінде “Шымкент” ӘКК-нен жеңілдікпен займ алған екі жеке кәсіпкердің делдалдық схемасын анықтады. Қосымша делдалдық жасау арқылы олар бір-біріне жоғары бағамен өнім сатқан. Нәтижесінде, өнім тұтынушыға айтарлықтай қымбат бағамен жеткізілген. Пысықтау үшін барлық материалдар аумақтық департаменттерге берілді», — деп атап өтті Айдар Әбілдабеков.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек өңірлердегі қалыптасқан қорлардан көкөністерді брондаудан шығару нәтижелері мен қорлардың көлемі жайлы мәлімдеді. Сәуір айының соңына дейін 29,9 мың тонна картопқа қажеттілік туса, 18 өңірде бұл көкөніс түрімен қамтамасыз ету көлемі 90%-дан жоғары, қалған екі өңірде – 69%-ды құрады. Сәбізге сұраныс биылғы сәуір айының соңына дейін – 6,8 мың тонна болса, Қарағанды облысын (69%) қоспағанда, қормен қамтамасыз ету 100%-дан жоғары. Екі облыс (Жамбыл және Қызылорда) қырыққабатпен 50%-дан төмен, ал қалған барлық өңір одан жоғары деңгейде қамтамасыз етілді. Барлық облыстардағы пияз қоры 50%-дан асады.
«Біз тауарлық интервенциялар жұмысының нәтижесін көріп отырмыз және бұл жұмысты ерте шығатын көкөніс түрлері келіп түскенше жалғастыруымыз керек. Сонымен қатар азық-түлік тауарларын форвардтық сатып алуды қаржыландыруды 70%-ға дейін ұлғайта отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын қайта қарап, айналым схемалары бойынша 30%-ға дейін төмендету қажет. Осылайша, форвардтық сатып алулардың арқасында бізде нарықтағы бағаның тұрақтануына әсер етуге мүмкіндік беретін өнім қорының кепілдендірілген көлемі болады», — деді Серік Жұманғарин.