Көкөністерді тұрақтандыру қорларынан жеткізу барысы талқылады
Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның сауда желілері басшыларымен баға жағдайы мен тұрақтандыру қорларынан көкөністерді жеткізу барысы бойынша жедел кеңес өткізді.
Өткен сенбіде Серік Жұманғарин барлық әкімдіктерге тұрақтандыру қорларынан сауда желілеріне шығарылатын көкөністердің көлемін барынша ұлғайтуды тапсырды. Сауда комитетінің мәліметінше, 2023 жылғы 7 наурыздағы жағдай бойынша көкөністерді сатудың жалпы көлемі 19688,22 тоннаны құрады, оның ішінде картоп – 7559 тонна, сәбіз – 3935,2 тонна, пияз – 5234,72 тонна, қырыққабат – 2959,3 тонна.
Жалпы сауда нүктелерінің саны 727-ден 892-ге дейін өсті. Шымкент (5-тен 25-ке дейін), Жамбыл (58-ден 63-ке дейін), Жетісу (53-тен 55-ке дейін), БҚО (27-ден 56-ға дейін), Қостанай (21-ден 52-ге дейін), Қызылорда (51-ден 54-ке дейін), Маңғыстау (26-дан 29-ке дейін), Павлодар (23-тен 59-ға дейін), Түркістан (4-тен 23-ке дейін), Ұлытау (19-дан 34-ке дейін) өңірлерінде қосымша сауда орындары ашылды.
Статистикаға сәйкес, пияз бағасының өсу динамикасы айтарлықтай тұрақтанды. Бағаның өсімі бойынша антилидерлер қатарында болған Астана қаласы мен Ұлытау облысында баға біршама төмендесе,10 өңірде баға тұрақтанды. Өсім Алматы, Ақмола, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Түркістан өңірлерінде жалғасуда, бұл бағаның өсуін тежеу бойынша тиімсіз жұмыс деңгейін көрсетеді. Картоп бағасы тек Түркістан облысында, сәбіз бағасы– Астана қаласы мен Атырау, Алматы, Ұлытау облыстарында, қырыққабат бағасы– Астана қаласы мен Ақтөбе облысында төмендеді.
Кеңесте Серік Жұманғарин сауда желілерінің өкілдерінен тұрақтандыру қорларынан көкөністерді жеткізуде қандай да бір мәселелер бар ма деп сұрады. Ақтөбе облысының сауда желілері өкілдері жеткізілетін пияз көлемінің аздығын айтты, 6 тоннаға сұраныс кезінде аптасына 2 тонна келеді. Осыған ұқсас мәселелерді басқа өңірлердің өкілдері де көтерді.
«Біз өңірлердің әкімдіктерімен осы мәселелерді пысықтап, қор тапшылығы кезінде оңтүстік өңірлерден келетін жеткізілімдерді қайта бағдарлаймыз. Бір апта бұрын Тәжікстаннан делегация елге оралып, қолжетімді бағамен 6,5 мың тонна пиязға келісімшарт жасалды, бірақ бұл маусымаралық кезеңге жеткіліксіз. Тәжікстандық өндірушілер үлкен көлемдегі келісімшарттарға дайын. Оның үстіне Тәжікстан теміржолы өз учаскелері бойынша тасымалдау тарифіне 80% жеңілдік береді. Қырғызстан қырыққабатты арзан бағамен жеткізуге дайын. Сондай-ақ Өзбекстаннан ерте шығатын көкөністерді жеткізудің "жасыл дәлізі" туралы келісім бар», — деді Серік Жұманғарин.