«Наурыз нақыштары» атты дәстүрлі жас ақындар айтысы өтті
Қазақтың айтыс өнері ат жарысымен, балуандар күресімен пара-пар. Ақындар айтысы да жарыс. Бірақ бұл - өнер жарысы, сөз сайысы. Заңғар жазушы М. Әуезов айтқандай, «Айтыс – сөз барымтасы».
Осы орайда Семей қалалық мәдениет сарайында Халықтық ақындар орталығының ұйымдастыруымен «Наурыз нақыштары» атты XVII дәстүрлі қалалық жас ақындар айтысы өтті.
Дүбірлі додада 10 ақын өзара бақ сынасты. Олардың қатарында: Жадыра Сексембаева, Ерік Омарғалиев, Әлішер Қыдырбек, Жасұлан Мақаев, Айбек Жеңісқазин, Қуандық Кенжебекұлы, Нұрислам Бейсенбай, Назгүл Бауыржанқызы, Жадыра Төлеуқоңыр, Ерзат Рахатбек сынды адуында ақындар болды.
Төл өнерге жиналған көрерменнің қарасы қалың болып, залда ине шаншар жер болмады. Қалың көпшілік аға мен бауыр, қыз бен жігіт, қайны мен жеңге арасындағы аламан тартысты тамашалап, ерекше көңіл-күйге бөленді. Айтыс 4 сағатқа созылды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша айтыстың бас жүлдесін суырылып алға шыққан айтыскер ақын Жасұлан Мақаев иеленді. Ал бірінші орынды өзгелерден оза шапқан ақын Айбек Жеңісқазин иеленсе, екінші орынды Әлішер Қыдырбек, үшінші орынды Кенжебекұлы Қуандық қанжығасына байлады. Жеңімпаздардың барлығына арнайы дипломмен және ақшалай сыйақы табыс етілді.