Cемей22°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
516.16 584.86 6.25

«Бейбіт күннің белгісі» – Абай облысының жастары Жеңіс лентасын таратты

Бүгін, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

Жеңіс күні қарсаңында Абай облысының жастары патриоттық рухты дәріптейтін дәстүрлі «Жеңіс лентасы» акциясын ұйымдастырды. Бұл шараның негізгі мақсаты – соғыс ардагерлерінің жанқиярлық ерлігін ұлықтап, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру.

Акция барысында волонтер жастар халық көп шоғырланған орындарда – сауда орталықтары, саябақтар мен аялдамаларда тұрғындарға қазақстандық көк түсті Жеңіс лентасын таратып, бұл рәміздің мағынасын түсіндірді. Көпшілікке таныс бұл лента – Ұлы Жеңіске деген тағзымның, бейбіт күнге деген алғыстың және өткенге деген құрметтің белгісі саналады.

Шараға облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары, оқу орындарының белсенді студенттері мен түрлі жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Олар қала тұрғындарымен ашық сұхбат жүргізіп, ата-бабаларымыздың ерлігі мен ел үшін еткен еңбегін ұмытпау керектігін жеткізді.

Шара қатысушысы, ерікті Ерсінбек Өрлеубек өз ойын білдірді.

«Жеңіс лентасы – жай ғана символ емес. Бұл – біздің өткенге деген құрметіміздің, бүгінгі бейбіт күніміздің, ертеңгі бірлігіміздің көрінісі. Біз, жастар, осындай акциялар арқылы тарих пен ұлт жадын сақтап, елдік сананы күшейте аламыз», – дейді ол.

Акция барысында ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арналған алғыс сөздер айтылып, үлкендердің ерлігіне бас ию – әр қазақстандықтың азаматтық борышы екені еске салынды. Сондай-ақ жастар өтіп бара жатқан тұрғындарға мерекелік тілектер айтып, ашық әрі жылы қарым-қатынас орнатуға тырысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың рухани тәрбиесіне оң әсер етеді. Жеңіс лентасы – тарих пен бүгінгі күннің арасындағы алтын көпір. Абай облысының жастары бұл көпірді болашаққа берік алып өтуді мақсат етеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив