Cемей25°С
Ауа-райы
  • Абай24°С
  • Аягөз16°С
  • Ақсуат18°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов29°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар18°С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Абай ұрпақтарының майдандағы ерлігі дәріптелді

5-05-2025, 17:04 Думан Кенжеғазыұлы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Отан үшін от кешкен Абай ұрпақтары» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға арналған бұл жиын ұлы ойшылдың ұрпақтарының Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігін ұлықтауға арналды.

Шара барысында Абай Құнанбайұлының майданға аттанған тоғыз ұрпағының тағдыры туралы деректер мен архивтік құжаттар ұсынылды. Олардың тек екеуі — Алпаш пен Ишағы Жағыпарқызы — қан майданнан аман оралған. Қатысушылар Абай ұрпақтарының ерлігі жайлы мазмұнды баяндамалар мен тағылымды естеліктерімен танысты.

Іс-шарада Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Ұлан Сағадиев құттықтау сөз сөйлеп, шараның тарихи маңызын атап өтті. 

—  Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтіп отырмыз. Бұл — барша халқымыз үшін маңызы зор тарихи дата. Біз бұл күні тек Жеңісті ғана емес, сол жеңісті жақындатқан әрбір жанның ерлігін еске аламыз. Солардың қатарында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ұрпақтары да бар екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Біз ұлы Абайды ұлықтау арқылы оның ұрпағының да елге сіңірген еңбегін, Отан алдындағы борышын ұмытпауымыз керек. Шара соңында баршаңызды арнайы әзірленген тарихи көрмені тамашалауға шақырамыз. Онда майдан даласына аттанған Абай ұрпақтары туралы тың мәліметтер, фотоқұжаттар мен сирек деректер қойылған, — деді музей директоры.

Тағылымды шараға Шоқан Уәлиханов атындағы Жас ұлан ерлер лицейінің тәрбиеленушілері, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен музей қонақтары қатысты. Жас ұрпаққа патриоттық рух сыйлаған бұл жиын Отан үшін жан қиған боздақтарды еске алудың бірегей үлгісі болды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив