Абай облысында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті
Семейдегі Абай атындағы театрда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ер – елінің қорғаны» атты салтанатты жиын өтті.
Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, өңір жұртшылығын құттықтады. Аймақ басшысы ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген барша әскери қызметшілер мен құқық қорғау саласының өкілдеріне алғысын білдірді. Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жан аямай күрескен майдангерлердің, тынымсыз еңбек еткен тыл ардагерлерінің ерлігі мен еңбегі ұрпақ үшін өнеге екенін атап өтті.
Бүгінде өңіріміздің білім беру ұйымдарында 234 әскери-патриоттық клуб жұмыс істейді. Бұл клубтарға 5 мыңнан астам өрен қатысып, ерлік пен елдік рухында тәрбиеленуде. 33 мектепте ашылған 59 «Жас сарбаз» сыныбында 900-ден астам оқушы білім алуда.
Салтанатты жиында театрландырылған көріністер, би қойылымдары ұсынылып, патриоттық әндер шырқалды. Кеш барысында опера әншісі Сүндет Байғожин, «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі, «Аламан» тобы, «ContraSSt» би театры, «Дариға-ай» театрының актерлері, әнші Ибрагим Ескендір, Мапруза Өтеуленова өнер көрсетті.