Нидерландтан шыққан атақты «Гауда» ірімшігі Бородулихада өндірілуде
Облыс әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданына жұмыс сапары барысында «Е.Зайтенов» шаруа қожалығының өндірістік кешендерін аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
2001 жылы құрылған шаруашылық бүгінде 14 мың гектарға жуық жерді игеріп отыр. Оның басым бөлігі – егістік алқабы. Өткен жылы шаруашылық 4 895 тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақыл, 3 043 тонна күнбағыс жинады. Мұнда 1400-ге жуық ірі қара өсіріледі, оның 400-ден астамы – сауынды сиыр. Жылына 124 тонна ет және 1893 тонна сүт өндіріледі.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу толық жолға қойылған. Ет, сүт өнімдерін өндіретін толық циклді инфрақұрылым қалыптасқан. Шаруашылықтың өз
наубайханасы бар. Ірі қараның симменталь тұқымын асылдандыру бағдарламасы да жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Шұжық цехында күніне жалпы салмағы 200 келіге дейін 13 түрлі өнім дайындалады. Сүт өңдеу желісі де қарқынды жұмыс істейді. Мұндағы қаптамалы сүт, түрлі майлылықтағы қаймақ, сары май және «Гауда» ірімшігі Семей мен аудан халқы арасында жоғары сұранысқа ие.
Ивановка ауылында орналасқан сүт өңдеу цехында айына 2 500 келі ірімшік пен 3 500 келі қаймақ дайындалады. Бүгінде қожалықта 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Облыс әкімі шаруашылықтың шикізатты қайта өңдеу бағытындағы жұмысын жоғары бағалады.