Облыс әкімі Бородулиха ауданындағы балаларды қолдау орталығына барды
Облыс әкімі Берік Уәли ауданға жұмыс сапары барысында Жаңа Шүлбі ауылындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тыныс-тіршілігімен танысты.
2005 жылы құрылған мекемеде 3 жастан 18 жасқа дейінгі психикалық және физикалық дамуында жеңіл ауытқулары бар 52 бала тәрбиеленіп жатыр. Мұнда оларға кешенді арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Орталықта 70-ке жуық маман жұмыс істейді.
Ғимаратта педагог-психолог кабинеттері, хореография, жаттығу залдары, медициналық пункт және «Орман жиегі» деп аталатын жазғы сауықтыру алаңы бар. 20-дан астам шығармашылық және спорттық үйірмелер мен секциялар ұйымдастырылған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары орнатылған.
Аймақ басшысы мекемені толық аралап, мұндағы қызметкерлермен, тәрбиеленушілермен пікірлесті. Балалардың өнерін тамашалап, оларға сыйлық табыс етті.
Облыс әкімі мекеменің тәрбиеленушілерімен бірге ғимараттың ауласына шырша көшеттерін отырғызды.
Аймақ басшысы ағаш отырғызу сынды шараларға балалардың қатысуының маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, өңірде 5 сәуірде жалпыөңірлік тазалық акциясы басталған болатын. Содан бері облыстың қала-аудандарында ауқымды жұмыс атқарылды. Осы уақытқа дейін 77 мың аула, 955 саябақ, 306 ескерткіш, 595 су айдыны, 20 816 метр арық және 58 субұрқақ маңы тазартылды. Полигондарға 20 мыңнан астам тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.