Сенаторлар аквашаруашылық туралы заңды қарайды

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 15 мамыр күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.
Соған сәйкес сенаторлар алдағы бейсенбіде «Аквашаруашылық туралы» заңды қарайды. Бұл құжат жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және жаңаларын құру арқылы аквашаруашылықты тұрақты дамытуға арналған. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті аквашаруашылық нысандарының көлемін ұлғайту, олардың адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздігін арттыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар аталған заңға ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды. Құжат нормаларына сәйкес Жер, Орман, Кәсіпкерлік және Экологиялық кодекстерге, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының бірқатар заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Бұдан басқа, депутаттар комитеттердің осы аптадағы отырыстарында қозғалатын тақырыптарды пысықтады. Соның аясында сот әкімшілігінің қызметі, құқық қорғау және сот қызметіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, өндірістік нысандарда өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік-жекешелік серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды.