Ең үлкен марапат - алғыс
Қазіргі таңда Семейдегі Әскери госпитальде 35 орта буын медицина қызметкері еңбек етсе, оның 28-і әскери қызметшілер. Олардың әрқайссы емделушілердің жағдайын жасап, олардың тез сауығып кетуіне септігін тигізіп жүр. Осы тұрғыдан алғанда Күш құрлымдарында қызмет атқарып жүрген мейірбикелердің еңбектері орасан зор.
Әскерилерге медициналық қызмет көрсетіп жүрген Қарлығаш Ақанова – Әскери госпитальдің қабылдау бөлімшесінің мейірбикесі. Бұл бөлімшеде науқастарды қабылдап, қажет болған жағдайда шұғыл медициналық қызмет көрсетеді. Айталық алдымен төлқұжат бойынша сырқаттама толтырылып, науқастарды санитарлық өңдеуден өткізеді, кейін емдеу диагностикалық бөлімшелеріне жібереді.
Қарлығаш Күлдерханқызы 17 жыл бұрын Әскери госпитальге азаматтық персонал ретінде қызметке келсе, кейін әскери қызметші болып госпитальдың әртүрлі бөлімшелерде шыңдалып, осы уақытқа дейін мейірбике қызметін абыроймен атқарып келеді.
Әскери госпитальдың қабылдау бөлімшесінде 5 мейірбике еңбек етсе, сол сияқты хирургия, терапия бөлімшелері мен стоматология кабинетінде нағыз өз ісінің мамандары еңбек етуде. Бұдан өзге сәулелік диагностика бөлімшесінде рентгенлаборанттар мен фармацевт пен лаборант мамандары жұмыс атқаруда. Ал госпитальдегі емхана бөлімшесіндегі терапевт, хирург, невропатолог, гинеколог, окулист бөлімдерінде мейірбикелердің атқаратын міндеттері орасан.
Әрине, 17 жыл деген аз уақыт емес. Осы аралықта әріптестерінің шынайы қошеметіне ие болған Қарлығаш Күлдерханқызы денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі үшін талай мәрте марапатталды. Көпбалалы ана бүгінде 5 ұл, 1 қыз бала тәрбиелп отыр. Ол сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстанып, спортты жанына серік еткен жандардың бірі. Қарлығаш Күлдерханқызы мейірбике үшін ең үлкен марапат – науқастардың риясыз алғысы екенін айтады.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі