Cемей30°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
510.06 566.32 6.32

Қазақстанда вегетациялық маусым 20 күн ерте басталды

Бүгін, 10:27 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстанда вегетациялық маусымның басы әдеттегіден 20 күн ерте басталды. Бұл туралы Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндады. Оның айтуынша, ол көктемгі ауа райының қалыптан тыс жылы болуына байланысты.

Министр еліміздегі су ресурстарының ең ірі тұтынушысы – ауыл шаруашылығы саласы екенін атап өтті. Саланың үлесіне жалпы су пайдаланудың 60%-дан астамы тиесілі. Ауыл шаруашылығына жыл сайын бөлінетін 15 текше шақырым судың шамамен 12 текше шақырымы тұрақты суаруға жұмсалады, оның 98%-ы еліміздің оңтүстігіндегі – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі.

«Ағымдағы вегетациялық маусымның ерекшелігінің бірі – вегетация алдындағы кезеңде топырақ ылғалдылығының жеткіліксіздігі болды. Бұл фактор оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы жағдайына айтарлықтай әсер етті. Топырақтың үстіңгі қабатындағы ылғалдың аз болуына байланысты егістіктердің вегетацияның бастапқы кезеңіндегі суға қажеттілігі орта есеппен 50%-ға артты. Бұл суармалы көздерге қосымша жүктеме түсіріп, алдағы айларда су тапшылығы қаупін күшейтіп отыр», — деді министр.

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша оңтүстік өңірлердегі су қоймаларда 26 млрд текше метр су жиналған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерімен салыстырғанда 171 млн текше метрге аз.

Ал, 6 мамырдағы жағдай бойынша Алматы және Жетісу облыстарындағы ірі су қоймаларының толымдылығы жобалық сыйымдылықтың 99%-ын құрады, бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда шамалас. 

«Осыған байланысты аталған өңірлерде суару маусымының тұрақты өтуіне байланысты қандай да бір тәуекелдер болжанып отырған жоқ», — деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.

Жамбыл облысында су қоймаларының ағымдағы толымдылығы жобалық көлемнің 90,3%-ын құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43 млн текше метрге артық. Алайда, қыс-көктем мезгілінде жауын-шашын тапшылығы есебінен ағынның азаюына байланысты Теріс-Ащыбұлақ пен Бүркітті су қоймаларында су көлемінің төмендегені байқалады.

Су тапшылығы тәуекелдерін азайту мақсатында Шу-Талас су шаруашылығы жөніндегі комиссиясының 2025 жылғы 25 сәуірдегі 35-отырысында вегетациялық кезеңге арналған су беру кестелері бекітілді. Көрсеткіштерге сәйкес, Шу өзені бойынша болжанған ағыс көлемі – 180 млн текше метр, Талас өзені бойынша – 400 млн текше метрді құрайды. Аталған көлемдер қамтамасыз етілген жағдайда, суару маусымын өткен жылғы деңгейде өткізу мүмкін болады.

«Арал-Сырдария бассейні бойынша Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының болжамды кестесіне сәйкес, 1 сәуірге Шардара су қоймасына келетін су көлемі 10,9 млрд текше метр деңгейінде күтілген, нақты келіп түскені – 12,6 млрд текше метр, яғни болжамнан 1,7 млрд текше метрге артық. Вегетация кезеңіне Шардара су қоймасына шамамен 3,7 млрд текше метр көлемінде су келетіні көзделген. Сәуір айында су қоймаға 1 млрд текше метр су келді, ал мамырдың алғашқы онкүндігінде 54 млн текше метр түскен, бұл болжамнан 231 млн текше метрге кем. Мұндай төмен көрсеткіш Сырдария өзенінің тармақтық ағынының азаюымен байланысты. Осыған орай, Шардара су қоймасына тұрақты су келімін қамтамасыз ету мақсатында, Министрлік Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының аясында бекітілген жұмыс режимін сақтау бойынша көршілес елдермен жүйелі жұмыс жүргізуде», — деп толықтырды министр.

Межелі түрде тұрақты су жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында, мамыр айында Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы «Бахри-Точик» су қоймасының маусым-тамыз айларындағы жұмыс режимі бойынша үшжақты кесте бекітіледі деп күтілуде. Аталған құжат шеңберінде Қазақстанға вегетациялық кезеңде Достық каналы арқылы кемінде 491 млн текше метр су жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Түркістан және Қызылорда облыстарында тәуекелдер сақталуда: 6 мамырдағы жағдай бойынша бассейндегі су қоймаларының орташа толымдылығы – 75%, бұл өткен жылмен салыстырғанда 498 млн текше метрге аз.

Атап айтқанда, 1 сәуірдегі жағдай бойынша Бөген су қоймасындағы жинақталған су көлемі 357 млн текше метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда шамалас болғанымен, мамыр айының басында бұл көрсеткіш 237 млн текше метрге дейін төмендеді. Бұл жағдай вегетациялық кезеңнің бастапқы сатысында су алудың қарқынды жүруімен тікелей байланысты.

Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында Министрлік өткен жылдың қазан айынан бастап вегетацияаралық кезең мен көктемгі тасқын кезінде жалпы көлемі 15,7 млрд текше метр суды көл жүйелері мен жайылымдық және шабындық алқаптарға бағыттау жұмыстарын жүргізді.

Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Тасөткел су қоймасынан Созақ ауданы аумағына 1,5 млрд текше метр су жіберілді. 2025 жылдың басынан бері Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне 3,8 млрд текше метр су жөнелтілді. Жыл ішінде Балқаш көліндегі су деңгейі 12 см-ге көтерілді. Су көлемі 2 млрд текше метрге артты. Бұл іс-шаралар аймақтардың экологиялық жағдайына оң әсерін тигізері сөзсіз.

Бұл ретте, Қазгидрометтің мәліметі бойынша, алдағы вегетация маусымы еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде жауын-шашын тапшылығы жағдайында өтеді.

«Сондай-ақ біз Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен Солтүстік Еуразиялық климаттық орталығынан алынған деректерге сәйкес, 2025 жылғы мамыр-шілде айларында гидрологиялық құрғақшылықтың туындау ықтималдығы жоғары деп болжануда. Бұл жағдай аграрлық секторда, әсіресе Жайық және Сырдария өзендері бассейндерінде елеулі қиындықтар тудыруы мүмкін», — деп атап өтті министр.

Осыған байланысты, өңірлік әкімдіктер Ауыл шаруашылығы министрлігімен, бассейндік инспекциялармен және Қазсушардың филиалдарымен бірлесіп, су тапшылығының ықтимал салдарын азайтуға бағытталған жедел шаралар кешенін пысықтауы қажет. 

  • Біріншіден. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмысты жандандыру қажет.

Бұл ретте, шаруаларды ынталандыру және су үнемдеу саясатын одан әрі іске асыру үшін негіз қаланған. Өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп Инвестициялық субсидиялау және суармалы суды беру қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді.

Осыған байланысты, «Қазсушар» филиалдарына шаруа қожалықтарымен су пайдалану шарттарын бірінші кезекте су үнемдеуші технологияларды енгізген шаруашылықтармен жасасуды ұсынамыз. Қалған шаруашылықтармен – су ресурстарының қалдығына қарай және су үнемдейтін әдістерге көшу міндетті шартымен келісімдер жасалуы тиіс.

  • Екіншіден. Суды көп талап ететін дақылдар егісін шектеу.

Ылғалды талап ететін дақылдарды қысқарту Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының басымдықтарына тікелей сәйкес келеді, соған сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымын әртараптандыру және суармалы жерлерде үлестік су шығынын кемінде 20%-ға азайту көзделген. 

Индикативтік көрсеткіштерге сәйкес, 2025 жылға қарай күріш пен мақта егіс алқаптары кемінде 41 мың гектарға қысқартылуы тиіс. Оның ішінде күріш бойынша – 10 мың гектарға, нақтырақ айтқанда: Қызылорда облысында – 89 мың гектардан 80,9 мың гектарға дейін, Түркістан облысында – 3,2 мыңнан 2,8 мың гектарға дейін, Алматы және Жетісу облыстарында – 8 мыңнан 6,5 мың гектарға дейін. Сондай-ақ Түркістан облысында дәстүрлі әдіспен суарылатын мақта алқаптарын 31 мың гектарға қысқарту жоспарлануда.

  • Үшіншіден. Жоғарыды атап өткендей, биылғы вегетациялық кезеңде белгілі бір тәуекелдер болуы ықтимал.

Су тапшылығының салдарларын айқын көрсететін мысалдардың бірі – Жамбыл облысындағы Бүркітті су қоймасының жағдайы. Қазіргі уақытта оның толу деңгейі жобалық сыйымдылығының 27%-ын ғана құрап отыр. 

«Осыған байланысты, осы су көзін пайдаланатын егіс алқаптарының көлемін шектеу ұсынылады», — деді министр.

Түркістан облысындағы Бөген су қоймасына да ерекше назар аударылуда. Мұнда су ресурстары шектеулі жағдайда тік дренажды ұңғымаларды және сорғы техникаларын қолдану қажет.

Су ресурстары және ирригация министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігімен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп диқандар арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуі, сондай-ақ суару жүйесінде тік дренажды кеңінен қолдануды қамтамасыз етеді. Ирригациялық инфрақұрылымы жоқ аудандарда сорғы техникасын дайындауы қажет.

Өз кезегінде, Су ресурстары және ирригация министрлігі заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында су пайдалануды бақылауды және «судың қара нарығына» қарсы күресті күшейтеді. 

«Құрметті Олжас Абайұлы, еліміздің басқа бассейндерінде (Ертіс, Есіл, Тобыл-Торғай, Нұра-Сарысу, Жайық-Каспий) суаруға қажетті су тұтыну 2%-дан аспайды. Бұл бассейндерде су тапшылығы болжанбайды деп күтілуде, алайда жағдай Министрліктің тұрақты бақылауында болады», — деп нақтылады Үкімет отырысында Нұржан Нұржігітов.

Жалпы вегетациялық кезеңді қауіпсіз өткізу мақсатында Қазсушар филиалдары 627 шақырым ирригациялық каналды механикалық тәсілмен тазалап, 488 гидротехникалық құрылысжайға жөндеу жұмыстарын жүргізді. Биыл жалпы 517 гидротехникалық құрылысжайды жөндеу және 2 мың шақырымнан астам каналды тазалау жоспарланып отыр, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық.

2025 жылы Министрлік қаржылық лизинг аясында жалпы сомасы 39 млрд теңгеге 757 бірлік арнайы техниканы сатып алуды бастады. Қазіргі уақытта 303 бірлік техника жеткізіліп, олар каналдарды механикалық тазарту және гидротехникалық нысандарды жөндеу жұмыстарына белсенді түрде пайдаланылуда.

Вегетациялық кезеңде су ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесі Министрліктің тұрақты бақылауында тұр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив