Семейде жастар айтысы өтті
Семей қаласының мәдениет сарайында «Наурыз нақыштары» деген атаумен XXVll дәстүрлі айтыс өтті. Талай дарынды дүлдүлдер мен бұлбұлдарды ұшырған «Халықтық ақындар» орталығының жемісті еңбегі екенін ерекше атап өткенді жөн көреміз.
Семей өңірі ежелде айтыскерлер қатарын лек-легімен шығарып, шаршы топқа шаңтимес жүйріктерді қосып, сөз қадірін кие тұтатын мекен екенін даусыз. Кеше қалалық деңгейде өткен айтыс, жоғарыдағы сөзіміздің тағы бір айқын дәлелі болды. Талайдан бері бұндай айтыс өтпеген еді. Ақсүйек өнерге құрметі жоғары көрермен де бір жасап қалды. Айтыскерлер де бауырын бір жазып, жас қыз-жігіттер жаңа қырларынан ашыла түскенін байқадық.
Ақындар жеребе арқылы төмендегідей жұптасты:
Кенжебекұлы Қуандық
Бейсенбай Нұрислам
Айбек Жеңісқазин
Жадыра Төлеуқоңыр
Жасұлан Мақаев
Назгүл Бауыржанқызы
Әлішер Қыдырбек
Жадыра Сексембаева
Ерзат Рахатбек
Ерік Омарғалиев
Алғашқы жұп - Шәкәрім университетінің студенті Ерзат Рахатбек пен Ерік Омарғалиев арасында өтті. Тұсауы кесіліп, томағасы сыпырылған бала қыран қиядан қиғаш ұшып, ел арасында «Бақсы» деген жапсырма аты бар Ерік Омарғалидан ұпайы төмен болды. Алғашқы жұп болған соң ба, әлде әуселелері солай болды ма, айтыс жоғары деңгейде шықпады?! Әлі қалыптасып қатарға қосылады деген үміт зор.
Екінші жұптың айтысы Айбек Жеңісқазин мен Жадыра Төлеуқоңыр арасында болды. Талай топқа түсіп төселіп алған Айбектің арыны да, қарымы да, адымы да бөлек болды. Жадыра да сипай қамшылап отырып, жақсы айтыс шығарды.
Айбек Жеңісқазин – қаламызда «Құнанбай» көшесінің жоқтығын тілге тиек етіп, иедологиялық тұрғыдан ескінген Морозов көшесінің қажет емес екенін былай жеткізді:
«Семейдей көп көрді ғой қала жұтты,
Алаштың әппақ туын нала жықты,
Алаштың астанасы болған қала,
Тұлғаларды тудырған бар озықты.
Бүгінгі келбетіне қарар болсақ,
Арыстардан орыстың бағы озыпты,
Семейде орыстардың көшесі көп,
Ол әрине қыламай ма наразы ұлтты.
Мысалы Морозовтың көшісі бар,
Әкелген ерлеріме қара жұтты.
Қызыл жүйе жасаған саясаттан,
Қазақтың жүйрігінен жабы озыпты,
Морозов Семей үшін не істеп еді?
Қияға шығарып па еді қара жұртты!
Семейде Құнанбайдың көшесі жоқ,
Қара нар ғой көтерген қара жүкті.
Облыс болып еңсені тіктеудеміз,
Ажыратар кез келді ара жікті,
Абай туған мекенге сын болады
Алып тастай алмасақ Морозовты!» -деп көсілді.
Үшінші жұп – Жасұлан Мақаев пен Назгүл Бауыржанқызы айтысты. Оқушы күндерінен бір-бірін жақсы білетін қарсыластардың қалжыңы да сүбелі сөздері де жарасымды боды.
«Сахнада Балғынбек пен Айнұрдай жарасып жүрейік» -деп Назгүлге қарата айтқан Жасұлан сөзіне, Назгүл былай жауа берді:
«Ақындар шықса алдыңа,
Әнімен елді тербейді.
Ағайын барда жыр сүйер,
Өлеңнің оты сөнбейді.
Досымның айтқан бір сөзін,
Бұл Назгүл келіп тергейді.
Балғынбек пенен Айнұр деп,
Қиялың көкке өрлейді.
Айнұрдай асыл әпкемнің,
Соңынан ерген сіңілімін,
Ұқсасам ұқсайм(ын) мен мейлі.
Ал,сенің мына тұрысың,
Қалтылдап әрең жүрісің.
Сөйте тұра бұл досым:
"Балғынбек маған тең"-дейді.
Балғынбек қайда,сен қайда?
Біраз ойлансаң болмай ма?!
Қылжақтарың да келмейді,
Салмақтарың да келмейді.» -деп ұтқыр жауап берді.
Айтыстың бас жүлдесін алған Жасұлан Мақаевтың мына бір қайырымы қалың көпшіліктің қолдауына ие болды.
«Жұрттың сөзін осылай толғау керек,
Жоғарыға жобалап жолдау керек,
Жаңа ғана сайланған жас депупаттар,
Осыны қол көтеріп қолдау керек.
Толықтай қазақшалап өзгертуді
Қорықпай бастап кетсек қолдан келед(і).
Бас ақынның атындағы обылыста ,
Басқа тілді атаулар болмау керек!!!»
Төртінші жұп – Әлішер Қыдырбек пен Жадыра Сексенбаева арасындағы айтыс қызу болды. «Қайны мен жеңге» айтысын қызықты өткізді. Сонымен қатар Әлішер Қыдырбек қоғам мәселесінен де сырт айналып өткен жоқ.
«Жұрт барда желкенімді желше үрлейтін,
Кемедей мұз жарады өршіл кейпім,
Шет елге көшіп кеткен шенділер көп
Өмірін ағайынмен тең сүрмейтін.
Семейді де тастап кеткен жандар қанша,
Болашағы бұлыңғыр деп жерсінбейтін.
Обылыс болдық бізге де ел ағылуда
Семейім туған өлкем сенсің дейтін.
Ағайын нағыз баты – сендерсіңдер,
Ата жұрттан басқаны менсінбейтін.» - деп өткір түйіндеді.
Соңғы жұп – Қуандық Кенжебекұлы мен Нұрислам Бейсенбайдың шабысына куә болдық. Қуандық басым түсіп финалға жолдама алды. Екі ақынның да өткір сөздері мен ойлы шумақтары санамызды бір серпіп тастады.
Толықтай талдап, әр шумаққа зер салып, әр ақынның табиғатын ашқанға аз уақытымыздың көбі кетеді. Сондықтан қысқаша қайырдық. Ақындарға әлі де ізденіс керек екенін, толықтыратын тұстары мол екенін тағы да айтқымыз келеді. Айтыс – сөз өнерінің асылы болғандықтан көркемдік деңгейдің де жоғары болуы шарт деп түйдік.
Сонымен айтыстың бас жүлдесін Жасұлан Мақаев қанжығасына байласа, бірінші орынды Айбек Жеңісқазин қанағат тұтып, екінші орынға Әлішер Қыдырбек табан тіреп, үшінші орынды Қуандық Кенжебекұлы еншіледі.
Әуезовше айтқанда сөз барымтасының сардарлары сүбелі айтыс жасады. Жас айтыскерлерге сәттілік пен тынбай ізденіс тілейміз.
Мерей ҚАРТ
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,
ҚР Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты,