Cемей21°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
509.51 570.6 6.3

Астанада Қытай мен Орталық Азия елдері көлік министрлерінің екінші кездесуі өтті

Кеше, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

ҚХР көлік министрі Лю Вэй, Қырғызстанның көлік және коммуникация министрі Сырғабаев Әбсаттар, Тәжікстанның көлік министрі Иброхим Азим, Түрікменстан Министрлер Кабинеті жанындағы Көлік және коммуникациялар агенттігінің бас директоры Чакыев Мамметхан мен Өзбекстанның бірінші көлік вице-министрі Омаров Маманбий бастаған бес елдің делегациялары көлік-логистика саласындағы өзекті мәселелерді талқылау үшін Астанаға арнайы келді.

Министрлер аймақтағы және әлемдегі көлік саласының жағдайы туралы пікір алмасып, Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы экономикалық, сауда және гуманитарлық ынтымақтастықтың барлық әлеуетін пайдалану мәселесін тереңінен талқылады.

Алты жақты кездесу аясында көлік ведомстволарының басшылары Орталық Азия мен Қытай елдерінің арасында көлік саласындағы көпжақты ынтымақтастық бағдарламасын құру қажеттігін атап өтті. Бұл бағдарлама электронды құжат айналымын және жүк тасымалын онлайн режимде бақылауды қамтамасыз етеді деп күтілуде. Министрлер халықаралық автотасымалдауды жеңілдетіп, шетелдік рұқсат беру бланкілерін (ШРБ) алмасу механизмін электронды форматқа көшіруді көздеп отыр. Шетелдік рұқсат беру бланкілері – тасымалдаушыларға жүкпен шетелге шығуға мүмкіндік беретін арнайы ресми құжат. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан қазір шетелдік рұқсат беру бланкісін Қытай және Өзбекстан елдерімен электронды форматта алмасып келеді. Енді бұл процесс Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстанмен цифрлық форматқа ауыстырылады. Бұл халықаралық автомобиль тасымалы процесін айтарлықтай ілгерілетуге мүмкіндік бермек.

Министрлер екі құжатқа қол қойды. Олардың қатарында халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезінде цифрландыру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Меморандум мен көлік ведомстволары арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандум бар.

Сондай-ақ министрлер автомобиль және теміржол көлігі тасымалдарын жүзеге асыру кезінде Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы бақылау-өткізу пункттерінен өту тәртібін оңайлату бойынша ортақ пікірге келді.

Министрлер кәсіби кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастықты нығайту, ғылыми-зерттеу және талдау орталықтары арасындағы ынтымақтастық тетігін құру, оның ішінде халықаралық көлік жобаларын іске асыру үшін ғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз ету мақсатында білім беру саласындағы ынтымақтастықтың қажеттілігін атап өтті.

Министрлер Қазақстан Республикасына кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив