Абай облысында 75 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда 75 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Биыл жөнделетін 11 мектеп қатарында Аягөз, Үржар, Семей, Жаңасемей, Бесқарағай аудандарының білім мекемелері бар. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы үш жылдық даму жоспары туралы жиында айтты
Сонымен қатар, алдағы үш жылда 150 жаңа модификациялы кабинет пен заманауи интерактивті тақталар орнатылады. Биылдың өзінде 19 мектепке 55 кабинет, 68 мектепке 68 тақта сатып алынады. «Қазақстан халқына» қоры арқылы 33 ауыл мектебі заманауи кабинеттермен жабдықталады.
Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында 1200 орындық, Бесқарағай ауылында 300 орындық мектеп ашылды. Биыл Аягөзде 600 орындық, Семей қаласының Шығыс кентінің оң жағалауында 300 орындық мектеп пайдалануға беріледі
Мектепке дейінгі білім беру тапшылығын шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2 мың орындық 8 балабақша салу жоспарланған. Қарағайлы ықшам ауданында 320 орындық балабақша құрылысы басталды.