Алакөл жағалауы абаттандырылады

Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспары туралы баяндамасында туризм өңір экономикасының маңызды бағытына айналуы тиіс екенін атап өтті. Осы мақсатта Туризм басқармасы құрылып, кешенді жұмыстар қолға алынуда.
Биыл Қабанбай ауылындағы Алакөл жағалауын абаттандыру мен туристік аймақтың бас жоспарын өзгертуге 430 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар өңірдің тарихи, мәдени нысандарының инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамытылады. Олардың қатарында Барлық-Арасан шипажайы, Абайдың Жидебай-Бөрілі музейі, Қоңыр-Әулие үңгірі, Қозы Көрпеш – Баян Сұлу ескерткіші, Бесқарағайдағы Тұзды көл, Киелі бұлақ, Ырғызбай, Баянбай ата кесенелері және Елеке сазы қорғандары бар.
Туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында Семейде «Semey Mall» сауда-ойын-сауық орталығы мен «PANA» қонақ үй кешенінің құрылысы басталады.