Абай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша семинар-тренинг өтті
Абай облысының ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында Семей қаласында «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында облыстық семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Іс-шараға 80-нен астам адам қатысты. Негізгі қатысушылар қатарында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім беру және денсаулық сақтау саласының өкілдері, психологтар, заңгерлер және азаматтардың құқықтарын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында жұмыс істейтін өзге де мамандар болды.
Семинардың басты мақсаты — қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен салдарын түсіндіру және тиімді әрекет ету дағдыларын дамыту, сондай-ақ отбасында және қоғамда зорлық-зомбылықты қабылдамау мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету.
Іс-шара қатысушылар үшін тәжірибе алмасуға, жаңа білім алуға және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша бірлескен шешімдер әзірлеуге арналған мазмұнды әрі пайдалы алаңға айналды.