Президенттік жастар кадр резервіне кезекті төртінші іріктеу басталады

Биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті төртінші іріктеу өткізу жоспарлануда. Іріктеудің басты ерекшелігі – әрбір бағытқа арнайы квота белгіленіп, үміткерлер тек сол салалық шеңберде іріктелетін болады. Бұл туралы Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы Қайрат Сапарғалиев баяндады.
Іріктеуге қатысушыларға қойылатын талаптар өзгеріссіз қалды. Үміткердің жасы 35-тен аспауы, жоғары білімі мен кемінде бес жыл еңбек өтілі болуы тиіс. Сонымен қатар, қазақ тілін B1 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгеруі қажет. Президент тағайындаған тұлғалар, саяси қызметшілер, «А» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілер мен қазіргі Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері іріктеуге қатыса алмайды.
Атап өтсек, бірінші кезең – 1 маусымнан бастап бір ай ішінде үміткерлердің құжаттарын онлайн режимде қабылдау. Екінші кезеңде – кандидаттардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған тестілеу өткізіледі. Үшінші кезең – 16–17 тамыз аралығында ситуациялық тапсырмаларды шешу, яғни онлайн эссе жазу арқылы бағалау жүргізіледі. Төртінші кезең – 22 тамыз бен 3 қазан аралығында ассессмент-орталық және кәсіби HR мамандардың қатысуымен өтетін сұхбаттардан тұратын құзыреттерді бағалау кезеңі. Бесінші кезең – 8–15 қазан күндері сарапшылық комиссиямен әңгімелесу. Ал алтыншы кезеңде – Ұлттық комиссияның шешімімен үздік 50 кандидат іріктеліп, қазан айының соңына дейін Президенттік жастар кадр резервіне қабылданатын болады.