Ақсуатта шегірткелерге қарсы күрес жүргізілуде

Ақсуат ауданына қарасты Құмкөл ауылдық округінде ауыл шаруашылығы жерлерін зиянды жәндіктерден қорғау мақсатында залалсыздандыру жұмыстары басталып, қарқын алды. Аудандағы барлық ауылдық округ жерлерінде жүргізілетін бұл шаралар егін мен жайылымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Алғашқы кезеңде 140 гектар жерге зиянкестерге қарсы өңдеу жүргізілсе, қазір 300 гектарға жуық жер өңделді. Жұмыс барысында ауа температурасы +18 градус шамасында болып, «Карат Супер 100» атты тиімді улы химикат қолданылды. Бұл препарат шегірткенің бірнеше түріне қарсы жоғары нәтиже береді. Залалсыздандыру шараларына Ақсуат аудандық аумақтық инспекциясының басшысы қатысып, бақылау жүргізіп, жұмыс барысы мен зиянкестермен күресте сапалы әрі тиімді әдістердің қолданылып жатқанын қадағалауда.
Ауданда жоспарға сәйкес, барлығы 6160 гектар ауыл шаруашылығы жерін өңдеу көзделген. Атап айтқанда, 4260 гектар жер– саяқ шегірткеге, 1000 гектар жер– азиат шегірткесіне, 900 гектар жер – итальян прусы шегірткесіне қарсы өңделмек. Бұған қоса, зиянкестердің көбею қарқынына байланысты қажеттілік туындаған жағдайда қосымша өңдеу жұмыстары да қарастырылып отыр.
Мамандардың айтуынша, шегірткелер көктем мезгілінде белсенді көбейіп, егістік пен шабындық алқаптарға зор залал келтіруі мүмкін. Сондықтан оларға қарсы күрес жұмыстары ерте басталып отыр. Қазіргі таңда залалсыздандыру шаралары аудан көлемінде жоспарлы түрде жалғасуда. Мамандандырылған топтар жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы алқаптарының амандығы үшін кешенді жұмыс жүргізуде.