Қазақстанда жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар күшейтілді

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы баяндады.
Ведомство басшысының мәліметінше, ІІМ оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Ол мектептерге полиция қызметкерлері тағайындалғанын, олар қауіпсіз мінез-құлық дағдылары мен құқықтық тәрбие бойынша сабақтар өткізетінін, профилактикалық жұмыстар жүргізетінін және құқық бұзушылықтардың жолын кесетінін айтты. Сондай-ақ ҰБТ, «соңғы қоңыраулар» және бітіру кештерін өткізу кезеңінде қауіпсіздік қамтамасыз етілетіні, ал білім беру нысандарын терроризмге қарсы қорғауға тексеру жалғасатыны атап өтілді.
Министр елімізде «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатқанын хабарлады. Осы акция аясында патруль бағыттары мектептер мен ойын алаңдарына жақындатылды, жаяу жүретін өткелдер және жол қиылыстарында бақылау күшейтілді, балаларды көлікпен тасымалдау қауіпсіздігі тексерілуде, мектеп қасындағы жол инфрақұрылымы зерделенуде.
Сондай-ақ бірқатар өңірде жол белгілері мен бағдаршамдардың, жаяу жүретін өткелдердің жоқтығы анықталды. Жақында жазғы демалыс басталады. Әкімдіктерге бұл кемшіліктерді жаңа оқу жылы басталмас бұрын жою керектігі атап өтілді.
Ішкі істер министрлігі лагерь қызметкерлерін тексеруді, полиция қызметкерлерін бекітуді, балаларды демалыс орындарына жеткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Алдын-алу іс-шаралары аясында «Жасөспірім» атты профилактикалық шарасы жалғасуда. Каникул кезінде «Түнгі қалада қалған балалар» рейді ұйымдаcтырылады. Бұл жерде басты мақсат жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, тұрмысы нашар отбасылармен жұмыс жүргізу, түнгі уақытта балалардың көшеде және ойын-сауық орындарында болуына жол бермеу, спирттік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сатқан кәсіпкерлер мен ата-аналарды жауапқа тарту.