Cемей29°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
510.59 578.91 6.37

Елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін лагерлер мен жағажайларға тексеру жүргізіледі

Бүгін, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жыл сайын өрт қауіпсіздігіне байланысты білім беру нысандары тексеріліп, тәжірибелік жаттығулар өткізілетінін атап өтті.

Оқу жылы ішінде төтенше жағдайлар кезіндегі мінез-құлық ережелерін түсіндіру және оқушылар, педагогикалық құрам және ата-аналар арасында алғашқы көмек көрсету бойынша профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ оқу орындарында кадет сыныптары, әскери-патриоттық клубтар, «Жас құтқарушылар» және «Жас өрт сөндірушілер» үйірмелері белсенді түрде енгізіліп, дамуда.

«Балалардың жаз мезгіліндегі бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында осы жылғы маусымда “Жас құтқарушы” республикалық жарысын Көкшетауда өткізуді жоспарлап отырмыз. “Қазақстан балалары” тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде биылғы 29 мамырда “Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда” тақырыбымен Министрліктің барлық аумақтық бөлімшелерінде балалар мен ата-аналарға арналған іс-шаралар мен шеберлік-сыныптары ұйымдастырылатын болады», — деді министр. 

Шыңғыс Әріновтің айтуынша, жыл барысында әкімдіктермен бірлесіп балаларды жүзу дағдыларына үйрету сабақтары өткізіледі. Қазіргі сәтте «Ұлттық бірыңғай тестілеу» мен «Мектеп бітіру кештері» шараларын өткізу кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындық жүргізілуде. Сонымен қатар балалар лагерлерінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін және жағажайларға қойылатын талаптардың сақталуын тексеру басталды.

Сонымен қатар суға шомылу маусымын қауіпсіз өткізу шеңберінде Министрліктің бөлімшелері су айдындарына патрульдер мен рейдтер жүргізеді. Былтырдан бері жүзу құралдары мен құтқару жабдықтарын кезең-кезеңмен сатып алудамыз, ол өз кезегінде су айдындарындағы азаматтарды құтқару жұмыстарын уақтылы жүргізуге мүмкіндік береді. 

«Қазіргі уақытта Министрліктің 70 құтқару стансасы жұмыс істеуде, оған қосымша қауіпті учаскелерге мобильді бекеттер қойылады. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп суға шомылу орындары белгіленуде. Рұқсат етілген орындардың тізбесі 2ГИС қосымшасында жаңартылатын болады. Осыған орай, әкімдіктер аталған бағыттағы жұмыстарды ағымдағы жылғы мамыр айының соңына дейін аяқтауы қажет», — деп атап өтті Шыңғыс Әрінов.

Тағы бір тоқталатын маңызды жайт, су қоймаларында балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру – бұл бала өліміне әкелетін негізгі себеп болып табылады. Каналдар мен арық жүйелері сияқты шағын су объектілерінің өзінде бала өлімінің фактілері жиі орын алады. Осыған байланысты, жазғы каникул басталғанға дейін Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар мен балалар арасындағы профилактиканы күшейтуі тиіс.

«Жаз мезгілінде балалардың терезеден құлауы жағдайларының көбейіп кететінін ерекше атап өткім келеді. Министрліктің тарапынан терезелерге қорғаныш құрылғыларын өтеусіз негізде орнату және тұрғын үй кешендерінің аулаларында ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы халықты ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бала өлімінің алдын алу мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі кең ауқымды акция өткізуі қажет. Сонымен қатар жазғы кезеңде адамдар көп баратын туристік орындар мен көрнекті жерлердегі қауіпсіздік шараларының сақталуын тиісті ведомство қамтамасыз етуі керек. Төтенше жағдайларға уақтылы ден қою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Министрліктің күштері мен құралдары әрдайым дайын», — деп түйіндеді министр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив