Сенат Бюросының отырысында әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселесі сөз болды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 29 мамыр күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін белгіледі.
Соған сәйкес алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» туралы заңды қарайды.
Заңның негізгі мақсаттары – бәсекелестікті арттыру, банк секторына инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасау, сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын дамыту. Қаржылық қолжетімділікті арттыру және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау да осы заңның міндеттерінің бірі екенін атап өткен жөн. Қаржы нарығында, оның ішінде ұялы байланыс саласында алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша да бірқатар шара көзделген.
Сонымен қатар Бюро отырысында Сенаттың іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында осы аптада өткізілетін кездесулер пысықталды. Атап айтқанда, депутаттар бұл аптада бірқатар әскери бөлімдердің басшылығымен кездеседі және әскери қызметшілерді әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз ету, мүдделі тараптармен бірге азаматтық қорғау жүйесін дамыту мәселелерін талқылайды.
Сондай-ақ Бюро мүшелері бұған дейін Парламент Мәжілісі қабылдаған заңдарды жұмыс үшін Сенаттың Комитеттеріне бөліп берді.