Абай облысының тумасы туған жердің дамуына 10 млрд теңгеден астам инвестиция салмақ

«Универсал СМ» ЖШС компаниясының директоры Жандос Тұрсынғалиұлы Абай облысы әкімінің кәсіпкерлерге арналған үндеуін толық қолдайтынын білдірді. Кәсіпкер туған жерінің өркендеуіне атсалысу – әрдайым басты мақсаттарының бірі екенін атап өтті.
Бүгінде «Универсал СМ» компаниясы Абай облысында қуаттылығы жылына 500 мың текше метрден асатын ағаш өңдеу зауытын іске қосуды бастап кетті. Жоба аясында аймақта жаңа жұмыс орындары құрылып, өндіріс ошағы Орта Азия мен Қазақстандағы теңдесі жоқ кәсіпорынға айналмақ.
Осы мақсатта компания өңірге 10 миллиард теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Компанияның кезекті тағы бір ірі жобаларының бірі – Қытаймен шекарадағы «Бақты» кеден бекетінде халықаралық стандарттарға сай заманауи кедендік-транспорттық хаб салу. Бұл бастама өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып, экономикалық дамуына тың серпін бермек.
Жандос Тұрсынғалиұлы бастаған «Универсал СМ» компаниясының ауқымды жобалары – туған жерге деген шынайы жанашырлық пен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.