Абай облысында 7 мыңнан астам жол ережесі бұзылған

Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында 19 сәуір мен 19 маусым аралығында өтетін «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысына арналған брифинг өтті.
Абай облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әсет Өтеповтің мәліметінше, акция басталғалы бері жол қауіпсіздігі саласында 7608 құқықбұзушылық тіркелген.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жол қозғалысы ережелерін сақтау бағытында балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп отыр. Осы мақсатта өңірдегі 303 білім ордасында түсіндіру сабақтары ұйымдастырылған.
Ал Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Бақытбек Сыдықбаев жол-көлік оқиғаларының алдын алу жүйелі жұмыс пен кешенді көзқарасты талап ететінін атап өтті.
Спикердің айтуынша, 9 мың шақырымнан астам автожол тексеріліп, жол және коммуналдық қызметтерге 990 нұсқама жолданған. 90 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған. Мониторинг барысында жарықтандыруы жоқ учаскелер, дұрыс қойылмаған белгілер мен жолақтар анықталған. Облыс аумағында 1500-ден астам бақылау камерасы орнатылған.
Брифинг соңында спикерлер әрбір жол қозғалысына қатысушының өз қауіпсіздігі үшін жауапты екенін еске салды.