Бітімгерлік бейбітшіліктің басты – миссиясы
Жыл сайын 29 мамырда Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық бітімгерлер күні аталып өтіледі. Елімізде бұл мереке алғаш рет 2019 жылдан бастау алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан бейбітшілік, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық қағидаларын ұстанатынын көрсете білді. Осыған сай еліміздің бітімгершілік миссиясын мемлекетітің негізгі сыртқы саяси стратегиясына айналдырды.
Қазақстан биыл Голан үстіртіне жіберген 139 әскери қызметшіден тұратын алғашқы дербес бітімгерлік контингентін күтіп алды. Сол әскери құрамда өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайту мақсатында бір жылдан астам уақытқа жуық бөтен елде абыроймен қызметін атқарып келген «Шығыс» өңірлік қолбасшылғына қарасты 44736 әскери бөлімінің барлау жауынгерлік ротасының бөлімше командирі сержант Дархан Еркінов те болды. БҰҰ-ның халықаралық бітімгерлер күні қарсаңында әскери қызметшімен сұхбаттасудың сәті түсті. Дархан Еркінұлы 2012 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің инженер – технолог мамандығын тәмамдап, білім алды. Кейін Отан алдындағы борышын атқарып, осы салада қалуды шешеді. Қазір Қарулы Күштер қатарында қызмет етіп жүргеніне он бір жылдан асқан. Осы уақыт аралығында ол өзін кәсіби білікті маман ғана емес, әр іске жауапкершілікпен қарайтынын әскери қызметші екенін көрсетті. Оның пайымынша, бітімгерлер тек қана қорғаушылар емес, сонымен қатар олардың міндеттеріне дағдарысты жағдайларды шешу мен бейбітшілікті қолдау кіреді. Сондықтан бітімгер болу үлкен жауапкершілікті жүктейді.
Сирия еліне барған қазақстандық бітімгерлер өздерін нағыз кәсіби мамандар ретінде көрсете білді. Олар жауынгерлік даярлықты, кез келген қойылған міндеттерді шешуде төзімділік пен әзірлікті көрсетті. Бұл БҰҰ миссиясының басшылығымен де жоғары бағаланды.
Қазақстан тарихындағы алғаш бітімгерлік миссиясы болғандықтан қойылатын тапсырмалар да күрделі болды. Сол қойған тапсырмаларды жауынгерлеріміз уақытымен орындап, абыроймен елге оралды. Осыған сай Мемлекет басшысы бітімгерлерді әскери борышын үлгілі атқарғаны, Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы бітімгерлік миссиясын жүзеге асыру барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында 44736 әскери бөлімінің барлау жауынгерлік ротасының бөлімше командирі сержант Дархан Еркінов те болды. Ол Президент тарапынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бүгінде сержант Дархан Еркінов жұбайы Әсел Еркіновамен бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі