Cемей21°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
510.81 578.59 6.51

«Өңір тазалығы өзімізден басталады»: Абай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды тазалық акциясы өтті

29-05-2025, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған кең ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Бүгін Абай облысында аталған бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі ретінде мыңдаған тұрғынның қатысуымен экологиялық акциялар ұйымдастырылды.

Абай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы кең қолдау табуда: өңірдің әрбір ауданында ерікті жастарды, студенттерді, мемлекеттік мекемелерді, бизнес пен қоғам өкілдерін біріктірген экологиялық іс-шаралар өтті. Олардың барлығы туған өлкенің тазалығын сақтау жолында ортақ іске өз үлестерін қосты.

Атап айтқанда, Семей қаласында 50-ден астам студент пен ерікті Ертіс өзенінің сол жағалауындағы көпір астындағы жағалау аумағын тазартуға шықты. Акцияға қатысушылар аумақтақты қоқыс қалдықтарынан тазартты. Бұл шара жастардың өңірдің экологиялық  мәдениетін қалыптастыруға белсенді қатысуының маңызды үлгісіне айналды.

Курчатов қаласында экологиялық іс-шара аясында ерекше көңіл қалалық жағажайға бөлінді. Жағажай маусымы басталар алдында қатысушылар жағалау аумағын қоқыстан тазартып, ескерту белгілерін орнатты. Жастар белсендісі Сержан Ерболатұлы бұл сенбіліктің маңыздылығын атап өтіп: «Сенбілік – бұл тек пайдалы жұмыс қана емес, сонымен қатар туған қалаңа деген жанашырлықты көрсетудің тамаша мүмкіндігі», – деді.

Үржар ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасына 30-дан астам мекемеден 300-ден астам адам қатысты. Іс-шаралар Балалар саябағы мен «Болашақ» саябағында өтті. Экологиялық акцияға белсенді қатысқан Мөлдір Токтамысова: «Бүгінгі сенбілік — болашақ ұрпаққа үлгі боларлық экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы нақты қадам», — деп атап өтті.

Жарма ауданында «Таза өзен – таза жағалау» ұранымен Ханым өзенінің жағалау аумағын тазарту жұмыстары ұйымдастырылды. Қатысушылар қоқыс жинаумен қатар, жергілікті тұрғындармен су ресурстарын қорғаудың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұндай өзара әрекеттестік қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Аягөз ауданында да «Таза өзен – таза жағалау» атты экологиялық бастама жүзеге асырылды. Шамамен 200 адам Аягөз өзенінің жағалау бойынан 70-тен астам қап қоқыс жинады.

Бородулиха ауданында экологиялық іс-шара ерекше форматта — интеллектуалды квест-сенбілік түрінде өтті. Жас еріктілерге тазалық жүргізілуі тиіс аумақтар белгіленген арнайы карта таратылды. Қатысушылар маршрут бойынша қозғала отырып, көрсетілген аумақтарды тауып, қоқысты жинап, айналаны ретке келтірді. Мұндай формат командалық рухты нығайтып қана қоймай, тазалық жұмысын қызықты әрі тартымды ете түсті.

«Абай жастары» ресурстық орталығының директоры Айдос Толеуканов шараның маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі күні өңір жастары өздерінің тазалық шарасына деген оң пейілі мен жауапкершілігінің үлгісін көрсетті. «Таза Қазақстан» бағдарламасы — бұл бір реттік шара емес, адам мен табиғат арасындағы жаңа мәдениетті қалыптастыратын жүйелі қозғалыс. Сенбілікке қатысқан әрбір жанға алғысымды білдіремін, себебі бұл — жарқын болашаққа жасалған нақты қадам», — деді.

Облыс бойынша сенбіліктерге барлығы 197,7 мың тұрғын қатысты, 9 092 ұйым және 6 573 техника бірлігі жұмылдырылды. 122,3 мың аула тазартылып, 1 777 саябақ пен сквер, 733 ескерткіш аумағы абаттандырылды, сондай-ақ 7 953 шаршы метр тасжол жөнделді.

Сонымен қатар, 35,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарға шығарылды. 2 072 су айдыны тазартылып, 88 706 метр арық пен 144 субұрқақ ретке келтірілді. Елді мекендердің аумағына 46 348 дана ағаш пен бұта отырғызылды. Сонымен бірге, «Бүкіл Қазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы аясында 26 сәуірде Абай облысында қосымша 23,1 мың түп көшет егілді.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің барлық елді мекендерін, соның ішінде шалғайдағы ауылдық округтерді де қамтитын болады. Акцияға қатысушылар атап өткендей, туған жердің тазалығы – әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады.


Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив